Құрылыс саласында мемлекеттік сатып алуларға қатысу жеңілдейді
Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың сөзіне қарағанда, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту мақсатында аудиторлық шараларды жүргізу кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандаттар қабылданды және мемлекеттік аудит саласында аталған заң бұзушылықтарды төмендету бойынша шаралар жоспары бекітілді.
Осы орайда тексерулер қорытындысы бойынша лауазымды тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қолданылатынына тоқталған министр, «тек 2016-2017 жылдары 15 басшы қызметтік сәйкессіздігі әрі сөгіс пен ескерту түріндегі жауапкершілікпен жазаланды»,- деді.
Ведомство басшысының атап өтуінше, құқық қолдану тәжірибесі бойынша сыбайлас жемқорлық көріністері көбінесе құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуларда байқалады. Бұл бағытта өтінімдердің үйлеспеу себептері негізінен жобалау-сметалық құжатнамасымен байланысты болып отыр.
«Мәселен, конкурстық құжатнамалар бойынша үлкен көлемдегі растайтын құжаттарды ұсынуды қажет етеді және ескірген техниканы қамтыған. Осыған байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында министрлік құрылыс саласында сатып алулар бойынша әлеуетті жеткізушілерге талаптарды жеңілдету тұрғысында тиісті жұмыстарды бастап кетті. Сәйкес түзетулер заң жобасына енгізілді. Жақын арада оны Сіздердің талқылауларыңызға ұсынбақпыз», - деді министр.
«Жалпы, ұсынылып отырған түзетулер аясында құрылыстағы мемлекеттік сатып алулар барысындағы тапсырыс берушілер мен мемлекеттік аудит органдары тарапынан сыбайлас жемқорлық тәуекелдері төмендейді деп пайымдап отырмыз», - деп түйіндеді сөзін ол.