Құрылыс саласында заң бұзушылыққа жол берген 50-ден астам лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды - Бас прокуратура

АСТАНА. 7 сәуір. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Құрылыс саласында заң бұзушылыққа жол берген 50-ден астам лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.

Құрылыс саласында заң бұзушылыққа жол берген 50-ден астам лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды - Бас прокуратура

Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Бас прокуратураның ресми өкілі Жандос Өмірәлиев мәлім етті.

Бас прокуратура бюджет қаражатын пайдалану кезінде жемқорлық элементі ретінде құрылыс нысандарының құнын негізсіз қымбаттату себептеріне қатысты талдау жасап, анықталған заң бұзушылықтар бойынша ҚР Үкіметіне ұсыныс енгізген.

«Ұсыныс жіті талданғаннан кейін, «Мемлекеттік сараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорын филиалдарының 7 директоры мен орынбасарлары, Шу ауданының әкімі және осы ауданның құрылыс бөлімінің бастығы өз қызметтерінен алынды. Оңтүстік Қазақстан облысында құрылыс саласында жетекшілік ететін 6 қызметкер жұмыс орындарын босатты,-деді Ж. Өмірәлиев.

Ресми өкілдің айтуынша, жалпы республика бойынша, заң бұзушылыққа жол берген 50-ден астам лауазым иелері тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Бұдан басқа, құрылыс жұмыстарын уақтылы орындамағаны үшін мердігерлерден 1 миллиард 100 млн. теңге мемлекет пайдасына өндіріп алынған.