Құрылыс саласындағы бюджет қаражатын талан-таражға салу әрекеттерінен мемлекетке келген шығын 4 миллиард 400 мың теңгені құрады
АСТАНА. Мамырдың 6-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қаржы полициясы биылғы жылдың 3 айында құрылыс саласындағы бюджет қаражатын талан-таражға салу бойынша 33 қылмыстық іс қозғады.
Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның мәліметтеріне қарағанда, аталмыш әрекеттерден мемлекетке келген шығынның мөлшері 4 миллиард 400 мың теңгені құрап отыр. Осы уақытта оның 185 миллион 700 мың теңгесі қайтарылған.
«Мұндай қылмыстардың көпшілігі негізінен атқарылған жұмыс көлемін жасанды арттыру мен жалған құжаттар арқылы жасалады», - дейді ресми өкіл. Оның мәліметтері бойынша, жақында Алматы облысының Жол және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы қамауға алынған.
Ол 2004 жылы Талдықорған қаласындағы әуежайды жөндеу жұмыстарын қабылдаудың жалған актісі арқылы 26 миллион 900 мың теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атына аударыпып жіберген. Ал Атырау облысында жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінің директоры Исатай ауданының елді мекендерін газбен қамтамасыз ету бойынша атқарылуы тиіс жұмыстардың жалған актілері арқылы 162 миллион теңгені жымқырған. Қазіргі таңда аталмыш іс бойынша тергеу жұмыстары жүріп жатыр.