Құрылыс салудың бiрыңғай ережелерiнiң жаңа редакциядағы жобасы жасалып жатыр - ҰКП
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Атамекен» Ұлттық кәсiпкерлер палатасында Құрылыс салудың бiрыңғай ережелерiнiң жаңа редакциядағы жобасы талқылануда.
Ұлттық кәсiпкерлер палатасы құрылыс және ТҚШ комитетiнiң басшысы Александр Беловичтiң атап өтуiнше, құрылыс салудың аталған ережесi Қазақстанның күллi аумағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъектiлерiнiң қолдануына мiндеттi бiрыңғай ережелер мен талаптарды белгiлейтiн болады.
«Ол құрылыстағы барлық процедуралық мәселелердi қамтиды. Бүгiн таңда қалаларда жер телiмдерiн бөлу, аумақта құрылыс жүргiзу бойынша өздерiнiң түрлi ережелерi бар. Ол ережелердiң барлығы бiрыңғайландырылса, бұның барлығы жеңiл болар едi, әкiмшiлiк кедергiлер де азаяды. Құрылыс көлемi де артуы тиiс», - дейдi ол бүгiн ҰКП өткен баспасөз мәслихатында.
Маманның айтуынша, жобаға жекелеген ережелерiн енгiзу бiрқатар заңнамалық актiлерге сәйкес түзетулер жасауды талап етпек.
«Атап айтқанда, ҚР Жер кодексiне, «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы» заңға түзетулер мен толықтырулар енгiзiлуi тиiс болады. Сонымен қатар, ҚР Ұлттық экономика министрлiгiнiң бiрқатар бұйрықтары да күшiн жоюға тура келедi», - деп атап өттi А. Белович. Дайындалған ереже бюрократиялық процедураларды азайтуға, құрылыс процесiнiң ашықтығын көтеруге, сыбайлас жемқорлық факторларын болдырмауға ықпал етеді.
«Процедуралар бiрнеше есеге дейiн азайтылуы ықтимал. Нақты қанша пайызға кемитiнiн айту әлi ерте. Бiрақ құрылыстағы рұқсат қағаздары еселеп азаяды», - деп сөзін қорытындылады комитет басшысы.