Құрылыс жобаларының сараптамасы жеке секторға жүктеледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы жылдары құрылыс саласындағы алдын ала жобалау және жобалау-сметалық құжаттама саласында түбегейлі өзгерістер орын алды. Былтырғы жылғы заңнаманы жетілдіру бағытындағы талқылаулар нәтижесінде Қазақстанда жекеменшік сараптама институты енгізілген болатын.
Осыған байланысты мұндай күрделі процедураны бәсекелестік ортаға беру сараптама сапасын айтарлықтай жақсартып, сараптау кезеңінде рұқсат беру құжаттарын алу мерзімі айтарлықтай қысқарады деп күтіледі. Бұл туралы Сараптама ұйымдары палатасының баспасөз қызметінен хабарланды.
Айта кетерлігі, мемлекеттік сараптаманы тұтастай бәсекелестік ортаға берудің алғышарты Елбасы айқындаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгіленген болатын. Бес институттық реформаны қамтыған Ұлт жоспарының 47-і қадамында: «Жобалау-сметалық және жобалау құжаттарын сараптамадан өткізуге байланысты мемлекеттік монополиядан бас тарту. Жобаларды сараптауды бәсекелесті ортаға тапсыру» деп атап көрсетілген болатын.
«2016 жылдың ақпан айында аккредиттелген сараптама компанияларының кәсіби бірлестіктерінің басын құраған Сараптама ұйымдарының палатасы әділет органына ресми тіркелді. Ендігі күні еліміздегі кез-келген жекеменшік сараптама ұйымы аккредитациядан өтіп, Палатаға мүше болған болса, онда өзінің қызметін жүзеге асыра алады», - делінген хабарламада.
Айта кетерлігі, қазіргі таңда 37 сараптама компаниясы палатаның мүшелігіне өтіп отыр. Жақында ол компанияларға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы атынан арнайы сертификаттар табыс етілген болатын.