16:38, 10 Наурыз 2009 | GMT +5
Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған білім беру және денсаулық сақтау нысандары пайдалануға беріледі ? Астана әкімі
АСТАНА. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат – Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған сегіз мектеп, алты емдеу мекемесі мен бес балалар бақшасының жұмысы биыл толық көлемде аяқталып, олар пайдалануға берілуі тиіс.
ҚР Президентінің Қазақстан халқына «Дағдарыстан ? дамуға» атты Жолдауындағы тапсырмасын жүзеге асыруға арналған қала активімен өткен кездесуде Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов осындай міндет қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.«Әлеуметтік саланың материалдық-техникалық базасын бұдан әрі дамыту ? біздің қызметіміздегі басымдық берілген бағыттардың бірі болады. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған сегіз мектеп, алты емдеу мекемесі мен бес балалар бақшасының жұмысы биыл толық көлемде аяқталуы тиіс. Осыған байланысты, құрылысты қаржымен қамтамасыз ету мәселелерін ҚР Үкіметімен өзара бірлесе отырып шешуді өкілетті құрылымдарға тапсырамын», -деп атап өтті И.Тасмағамбетов.Мемлекет басшысының Жолдауын талқылауға №4-ші мектеп-гимназияның бастауыш сыныптар мұғалімі, «2008 жылғы таңдаулы мұғалім» байқауының жүлдегері Гауһар Шалдыбаева, Ақмола оқыту комбинатының директоры Людмила Лашта, № 2-ші емхананың бас дәрігері Константин Гаркалов, Астана қалалық студенттік құрылысшылар және жастардың еңбек жасақтары штабының бастығы, ҚР Президенті жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің мүшесі Талғат Рахманберді қатысты.