Құрылысқа еурокодтар енгізу осы саладағы жұмысқа еш кедергі келтірмейді

 АСТАНА. 19 наурыз. ҚазАқпарат -  Құрылысқа еурокодтар енгізу  осы саладағы жұмысқа еш кедергі келтірмейді.

Құрылысқа еурокодтар енгізу  осы саладағы жұмысқа еш кедергі келтірмейді

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин осылай мәлім етті.

Төрағаның айтуынша, былтырғы жылы агенттік Қазақстанның аумағында Еурокодтарды қолдануға Еуропалық стандарттау комитетінен ресми рұқсат алған болатын. Соның нәтижесінде 2011 жылғы 1 шілдеден бастап еурокодтар құрылыс нормаларымен ерікті түрде қолдану үшін қолданысқа енгізілді және 2015 жылға дейінгі өтпелі кезеңде қазақстандық нормативтермен қатар қолданылады.

«Ал құрылыстағы сапаға келетін болсақ, қазіргі таңда біздің жобалау институттарымыздың сапаға қатысты ешқандай жауапкершілігі қарастырылмай отырғаны байқалады. Құрылыс сапасына қатысты біз ары кеткенде ондай институттардың лицензиясын алып қоямыз. Әйткенмен ол лицензияны әлгі компания ертесінде ашып, қайта жұмысқа кірісе алады. Сондықтан да, біз бұл олқылықты тоқтату үшін лицензиялар беру санаттарын бекіттік», - дейді Серік Нокин. Агенттік төрағасының айтуынша, алдағы уақытта құрылыс саласындағы лицензиялауға 3 санат енгізу көзделеді. «Бірінші санат - ерекші күрделі нысандардамен қоса 2,3 санаттағы нысандардағы жұмыстарды орындауға құқық береді. Олардың кемінде 10 жыл жұмыс тәжірибесі болуы керек. Екінші санат - күрделілігі орташа нысандар салу. Бұлардың кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі болуы керек. Үшінші санат - бұл базалық деңгей. Жұмыс тәжірибесі талап етілмейді, күрделі емес нысандарды салатын болады», - дейді төраға.