«Құрылысқа қатаң қадағалау қажет» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 18 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 18 сәуір, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс саласында уәкілетті орган болып анықталды. Енді әлеуметтік тапсырыс негізінде ҮЕҰ-лар мен мемлекеттің өзара іс-қимыл жүйесінің нақты регламенті бар және мемлекеттік органдардың жауапкершілігі бірқатар өсті деп айтуға болады. Соған толық негіз бар. Бұл мәселелер кеше елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбайдың төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында айтылды. Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, әлеуметтік блог министрліктері мен еліміздің ірі ҮЕҰ өкілдері, Парламент Мәжілісінің депутаттары қатысқан жиында көтерілген осы және өзге де мәселелер «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Өзара іс-қимыл - маңызды бағыт» атты мақалада.
Лондондағы Олимпиада ойындары 2012 жылы 27 шілде мен 12 тамыз аралығында өтеді. Ұйымдастыру комитетінің ақпараты бойынша, байрақты бәсекеге әлемнің 205 елінен 12 500-ден астам спортшы мен жаттықтырушы қатысқалы отыр.Лондон Олимпиадасында спорттың 39 түрі бойынша 302 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан аталмыш бәсекеде кем дегенде 3 алтын медаль, ал барлығы 13 медаль қанжығалауды жоспарлап отыр. Бұл мәселелер кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен селекторлық режімдегі Үкімет отырысында көтерілді және «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Құрылысқа қатаң қадағалау қажет» атты тақырыппен жарық көрді.
***
«Айқын» басылымының жазуынша, қырғыздар қаражатқа зәру. Сондықтан да ел билігі үйленетін жастардың тойына кететін шығын мен қалыңдыққа төленетін қалыңмал көлемін қысқартуды қолға алды. Тіпті оны заң жүзінде бекітпек. Мәселен той шығыны - 1 мың 100 жүз АҚШ доллары және 4 қой, 2 орама мақта. Осы мөлшерден аспауы қажет. Сондай-ақ, қымбат көліктер жалдауға тыйым салынады. Бола қалғанның өзінде 4 көліктен аспағаны жөн. Мұның барлығын қырғыз билігі неліктен қолға алып отыр. Бұл сауалдың жауабын «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Тойға тоқтам салмақшы» атты мақаладан оқыңыздар.
Сондай-ақ осы басылым бетінде «Қазақстан - өркениетаралық диалогтың бастамашысы» атты тақырыпта Парламент Сенатының төрағасы Қайрат Мәмимен сұхбат жариялаған. Онда спикер жуырда елімізде ұйымдастырылғалы отырған Әлемдік және дәстүрлі діндердің съезі мен оның мән-мағынасы және жалпы дін мен оның адамзат дамуындағы рөлі, бұл бағытта Қазақстан жүргізіп отырған мемлекеттік саясат сияқты өзге де кең ауқымды мәселелерге қатысты ойларымен бөліседі.
***
«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Символдардың мәніне үңіліп көрдіңіз бе?» атты мақала жариялап, көкейкесті мәселе көтерді. Басылымның жазуынша, мемлекеттік рәміздерді қорлау - тұтас мемлекетті, қалың халықты қорлау деген сөз. Бұған жәй әкімшілік, қылмыстық құқықбұзушылық қана емес, саяси қылмыс деп қарау керек шығар. Өйткені мемлекеттік рәміздерді байқамай емес, қасақана мазақ ететіндер қаныңызды қарайтады. «Мемлекеттік рәміздер өте маңызды саяси символ болып есептеледі. Айналып келгенде, ондай бассыздықтардың түбі саяси мәселеге ұласады. Ал тарихта саяси символдарды қорлағаны үшін талай текетірес пен үлкен айқай-шу, бітіспес дай-дамайлар болғаны мәлім»,-деп жазады басылым.
***
Еліміздің оңтүстік өңірлері көктемі егіс жұмыстарына кірісіп кетті. Оңтүстікте дәнді-дақылар 53 пайыз аймаққа егілген. Ал майлы дақылдар 35 пайыз аймақты алып жатыр. Сондай-ақ көпжылдық шөптер қажетті көлемнің 81 пайызына егілген. Бау-бақша өнімдері мен картоп 25 пайыз аймаққа отырғызылды. Ал еліміздің өзге өңірлері дала жұмыстарына дайындық үстінде. Барлық егіс жұмыстары 21,5 миллион гектар аймақта жүргізілмекші. Ал осы бағыттағы жұмыстарға қажетті жағар май бағасы белгіленген. Ауыл шаруашылығы саласының мамандары оның литрін 72 теңгеден алады. Бұл нарық бағасынан
10-15 пайызға кем. Бұл мәселелер кеше Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтың егіс науқанынан байланысты берген баспасөз мәслихатында айтылды, ол «Казахстанская правда» басылымында «Опосевной, лизинге и не только» атты тақырыппен басылған.