Құрылысшылар одағы Құрылыс министрлігін құруды ұсынды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтанда Қазақстан Құрылысшылар одағының есептік конференциясында Құрылыс министрлігін құру ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан Құрылысшылар одағы республикалық заңды тұлғалар бірлестігі (РЗТБ) төрағасы Талғат Ерғалиевтің айтуынша, бұл жиында құрылыс саласындағы іскерлік қауымдастық бірнеше ұсынысты қамтитын хартия жариялайды.
«Хартияда жұмысшы кадрлардың тапшылығы, құрылыс саласында өзін-өзі реттейтін ұйымдар құру, ҚР Қала құрылысы кодексін әзірлеу және қабылдау мәселелерін көтергіміз келеді. Сондай-ақ, хартияда құрылысқа жер учаскелерін ашық түрде беру туралы ұсыныс бар. Біз өңірлерді аралап шықтық және еш жерде жер телімдерін беруге мүмкіндік жоқ», - деді Т. Ерғалиев Нұр-Сұлтанда өткен конференцияда.
Сонымен бірге, одақ хартиясында Құрылыс министрлігін құру жөнінде ұсыныс бар.
«ҚР Құрылыс министрлігін құру мәселесін де көтердік. Бізде ондай министрлік жоқ, Құрылыс істері жөніндегі комитет бар. Құрылыс – үлкен сала, сондықтан бізге министрлік құру қажет. Тұтастай алғанда, министрлік құру – күрделі мәселе, бірақ оны қалай құруға болатынын ойлану керек. Қазіргі уақытта комитетте екі басқарма мен екі департамент бар, олар үлкен жұмыс көлемін игеруге үлгермей жатыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өзінде көптеген бағыттар бар. Ал құрылыс – бюджетті құратын экономиканың бөлігі», - дейді Т. Ерғалиев.