«Құс еті жеуге жарамсыз» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 28 маусым. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 28 маусым, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Құс еті жеуге жарамсыз» - баспасөзге шолу

***

Уақыт жылжыған сайын Астана маңы жасыл желекпен көмкеріліп, келбеті көз қызықтыратын орманды алқапқа айналуда. Елорданың бар­лық тыныс-тіршілігін үнемі қадағалап, жіті назарда ұстап отыруды әдет­ке айналдырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Астана маңында «жасыл белдеуді» дамыту мәселесі жөнінде көшпелі кеңес өткізіп, бұған тағы бір көз жеткізді. Осы жайт арқау болған мақала ел газеті «Егемен Қазақстанда» бүгін «Жасыл орман - асыл қорған» деген тақырыппен жарық көрді. «Бүгінде орман алқабы 65 мың гектарға жетті. Оның 14 мың гектары қаланың ішкі аумағын қамтиды. Мен Астана төңірегіндегі орманды бір сағат тікұшақпен аралап, тауыса алмадым. 60 мың гектар жер 4-5 ауданның аумағы болып саналады. Ресей, басқа елден келген орманшы-ғалымдардың айтуынша, дүниеде мұнша орман отырғызған мемлекет аз. Соның біреуі - бізбіз», - деді Қазақстан Президенті.


Қоғамда құқық қорғау органдарына деген наразылық аз емес. Оның бәрі неліктен туындайды? Әрине, кемшіліктер көп. Бұған байланысты Мемлекет басшысы да халыққа Жолдауында құқық қорғау органдарының жұмысына қатысты қатаң тапсырмаларды алға тартқаны белгілі. Ендеше, бүгінде құқық қорғау органдары не тындырып жатыр деген сауал көпшілікті мазалайтыны анық. Міне, осы және басқа да жұмыстардың орындалу барысы мен деңгейін білмек оймен «Егемен Қазақстан» газеті Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Қалмұханбет Қасымовпен сұхбаттасқан. «Іркілістен кейінгі ұмтылыс» деген тақырыппен берілген сұхбат барысында министр: Ішкі істер органдарын реформалау - тек полиция қызметімен шектеліп қалмай, жалпы қоғамды тегіс қамтитын күрделі де көп векторлы үдеріс. Сондықтан қазір жүргізіліп отырған реформа - 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында бекітілген стратегиялық міндеттерді шешудің заңды жалғасы», - дейді. Сонымен қатар генерал ішкі істер органдарын одан әрі реформалау бойынша белгіленген және әзірленіп жатқан іс-шаралардың алдағы уақытта тиімді, техникалық тұрғыда жарақтандырылған және халық үшін ашық, азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің мүддесін кез келген заңға қайшы қол сұғушылықтардан қорғауға қауқарлы полиция қызметін құруға септесетіндігіне сенім білдіреді.


***

«Айқын» газетінің жазуынша, кеше Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев «Манас» әуежайында орналасқан АҚШ әскери базасын жабу туралы парламент қабылдаған құжатқа қол қойды. Яғни 2014 жылдың 11 шілдесінен бастап бұл базаның тірлігі тоқтайды. Бұл ең алдымен Кремльдің жеңісі. Өйткені америкалық базаны жабуға ең бірінші Ресей мүдделі еді. Ақыры Атамбаевтың арқасында дегеніне жетті. Есесіне, Қырғыз жағы Ресейден 1 миллиард 100 миллон доллар көлеміндегі әскери техника, атыс құралдарын алмақшы. «Базаны жабу жөнінде парламент құжат қабылдады. Президент қол қойды. Іс соны­мен бітті ме, әлде? Әлде деп күмән­дануымыздың жөні бар. Өйткені дәл сол АҚШ-пен екі ортадағы келісімді парла­мент қайта қарап, бірауыздан «жабу» керектігіне дауыс берген тұста, Алмазбек Атамбаев жедел Түркияға аттанып кетті. Бұл іссапардың мақсаты белгісіз. Дегенмен жергілікті сарапшылар «Атамбаевтың бұл сапарының өзегінде осы «Манас» әуе­жай­ын­дағы база жатты. Түркия НАТО-ның белді мүшесі, АҚШ-тың Таяу Шығыстағы сенімді серігі, АҚ үй осы ресми Анкара арқылы Атамбаевқа қысым жасады. Мәс­кеу алдында қандай қулық жасау ке­рек­тігін үйретті» деседі», - деп жазады басылым. Мақала «Атамбаев қол қойды, бірақ...» деген тақырыппен берілген.

Осы басылымның жазуынша, шет елдерден импортталған құс еті жеуге жарамсыз болып шықты. Тексеру барысында сырттан әкелінетін тауық етінің құрамынан ішек таяқшасы топтарының бактериялары, мөлшерден артық мышьяк және қорғасын табылған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдеуінше, кейінгі кезде жиілеп кеткен адамдардың тамақтан улануына себеп - осы тауық еті. «Құс өнімдерінде мұз табылған, яғни құс салмағын арттыру және көлемін ұлғайту үшін ұшаға шприц арқылы су енгізген. Одан басқа, зерттеу кезінде көп мөлшерде бактериялар табыл­ған, яғни СанЕмН талаптарына сәйкес емес және адамдарда болатын жиі тамақ улануының себебі болып табылады. Со­ны­мен бірге, сынамаларда ішек таяқшасы топтарының бактериялары, артық мөл­шерде мышьяк және қорғасын табылған», - делінген «Құс еті жеуге жарамсыз» деген тақырыптағы мақалада.

***

«Астана маңында «жасыл белдеуді» дамыту мәселесі жөніндегі кеңестің қорытындысына арналған брифинг барысында Нұрсұлтан Назарбаев «Қашаған» кен орнын игеру бойынша жүргізілген жұмыс барысына түсініктеме берді», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Бұл - күрделі кен орны, оған қазірдің өзінде 48 миллиард доллар инвестиция тартылғандығын баса айтқан Қазақстан Президенті: «Жұмыс 13 жылдан бері жалғасып келеді. Маусымның соңында біз Атырауда құрылысы 2006 жылы басталған «Болашақ» зауытын іске қосу туралы жария етеміз. Осы өнеркәсіп кәсіпорнында өндірілген мұнай күкірттен, газдан тазартылады, тек содан кейін экспортқа шығарылады. Қазақстан - Қашаған кен орнын игеру жөніндегі жобаға қатысушы ірі тараптың бірі. Егер акционерлердің біреуі өз үлесін сатамын деп шешсе, онда бұл қалыпты құбылыс. Бірақ бұл мәселеде Қазақстанның рұқсаты қажет болады, еліміз оны сатып ала алады немесе сатып алу құқын өзге инвесторға бере алады. Қазір жұмыс процесінде қарастырылып жатыр. Жақын уақытта ол табысты аяқталады деп ойлаймын», - деді.