Құс шаруашылығы: Импортқа тәуелділіктің себебі не
АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы 5 жылда елімізге 77 млн доллардың асыл тұқымды құс балапаны жеткізілді. Бұл туралы Құрылтай депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.
Үкімет басшысының атап өтуінше, құс шаруашылығында ғылыми әлеуетті дамытумен қатар импорттық асыл тұқымды материалға тәуелділікті төмендету негізгі міндеттердің бірі саналады.
- 2021-2026 жылдары 77,5 млн АҚШ доллары сомасына 47 млн бас бір күндік асыл тұқымды балапан және 168 млн АҚШ доллары сомасына 448 млн инкубациялық жұмыртқа импортталды. Бұл ретте 2021-2025 жылдары бір күндік асыл тұқымды балапан импортының көлемі салыстырмалы түрде тұрақты болып қалды. Ал инкубациялық жұмыртқаны әкелу 35,6 пайызға артып, 2025 жылы 103,7 млн данаға жетті, - деді Премьер-министр.
Оның пайымыншша, мұндай динамика құс шаруашылығы өнімдерінің отандық өндірісінің артуына және кәсіпорындардың асыл тұқымды материалға тиісті сұранысына байланысты болды.
- Сонымен қатар меншікті репродукторлық базаның шектеулі болуы саланы сыртқы жеткізілімдерге тәуелді күйде қалдырып отыр, - деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, соңғы бес жылда құс шаруашылығы саласындағы ғылыми зерттеулерді жүргізуге шамамен 540 млн теңге бөлінді.