Құсайынов Ерболдың Алматыдағы терактіге еш қатысы жоқ - адвокат

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда террорлық акт ұйымдастырған Руслан Күлекбаевтың ісіне қатысты басты сот отырысы алдында айыпталушылардың бірі Ербол Құсайыновтың адвокаты Шамиян Жайылқанов мұндай қанды іске қатысушыларға неге қорғаушы болуға келіскенін айтып, ақталды, деп хабарлайды сот залынан ҚазАқпарат тілшісі.

Құсайынов Ерболдың Алматыдағы терактіге еш қатысы жоқ - адвокат

«Біз дәрігерлер секілді алдымызға келген адамның кім екеніне қарамастан қорғауға міндеттіміз. Руслан Күлекбаевты қорғаудан адвокаттар бас тартты деген әңгіме - бекер. Мемлекет адвокатты бекітеді, ол оны қорғауға міндетті. Маған да ағайын-туыстарым, отбасымдағы адамдар тарапынан не үшін мұндай істе қорғаушы болуға келістің деген тарапта сын айтылып жатыр. Менің қорғауымдағы айыпталушы Құсайынов Ерболдың аталған терактіге еш қатысы жоқ. Руслан Күлекбаевтың қылмыстық істі ұйымдастырудағы жоспарынан бейхабар болған. Менің қорғауымдағы адамды ұрлық, қарулы шабуыл жасады деп айыптап отыр. Менің қорғауымдағы Құсайынов және қалған сотталушылардың Күлекбаев жасаған терактіге қатысы жоқ. Жәбірленуші Мещериковті Руслан Күлекбаевпен бірге тонады деп айыптаған. Мещериковтің өзі де, оның көршілері де жәбірленушіні Күлекбаевтың жалғыз өзі тонағанын айтып, куәлік берді. Күлекбаев оның сөмкесін ұрлап кеткен, сөмкеде «айпад» қана болған», - деді Шамиян Жайылқанов.

Айта кетейік, бүгін Алматыдағы тергеу абақтысында Руслан Күлекбаевтың ісіне қатысты басты сот отырысы өтеді.

Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына Р.Күлекбаевқа қатысты қылмыстық істі аталған сот судьясы Ерлан Болатов жүргізіп жатыр. Күлекбаев бірнеше қанқұйлы тонау және қарақшылық әрекеттерге қатысты болып отыр. Бұған дейін хабарланғандай, тергеу тобы 57 сот сараптамасы мен зерттеулер жүргізді және болған оқиғаның барлық жәйттерін анықтау мақсатында 200-ден астам куәгерлер мен оқиғаны көрген адамдарды тергеді. 2016 жылдың 12 қазанында 61 томнан тұратын қылмыстық іс сотқа жолданды. Р.Күлекбаевқа 8 құқық қорғау және арнайы орган қызметкерлерін және 2 бейбіт тұрғынды өлтірді, террорлық акт жасады деген айып тағылды. Сонымен қатар, ол 3 бейібіт тұрғынды өлтірмек болды деп айыпталып отыр.

Нақтырақ айтқанда, айыпталушыға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің (ҚР ҚК) 255-бабы 4-тармағы (лаңкестік акт), 99-бабы 2-тармағы (екі немесе одан да көп адамды өлтіру), 24-бабының 3-тармағы (өлтіру үшін шабуыл жасау), 192-бап 4-тармақ (топ адамға қарақшылық шабуыл), 287-бап 4-тармақ (заңсыз қару тасымалдау), 288-бап 2-тармақ (қаруды заңсыз жасау), 291-бап 4-тармақ (қару ұрлау), 200-бап 4-тармақ (көлік ұрлау), 126-бап 2-тармақ (адамды заңсыз бас бостандығынан айыру) бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Сондай-ақ, Р.Күлекбаевпен бірге сотқа атыс қаруын заңсыз сақтап, өзімен бірге алып жүріп, дайындап, Р.Күлекбаевпен бірге М. атты кәсіпкердің үйіне қарақшылық шабуыл ұйымдастырған Р.Лю, Ж.Сапарбеков, Д.Әсембекұлы, Е.Құсайынов, Н.Әбдімомын да сот залында.

Айыпталушы Н.Әбдімомынға рұқсатсыз қаладан кетуіне тыйым салынған. Р.Люға қатысты ҚР ҚК 188-бабының 4-тармағы, 288-бабының 1-тармағы, 287-бабының 4-тармағына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ж. Сапарбековтің үстінен ҚР ҚК 192-бабы 4-тармағы; 287-бап 4-тармақ бойынша қылмыстық іс қозғалды. Е. Құсайыновқа қатысты ҚР ҚК 192-бабының 4-тармағы бойынша, Д. Әсембекұлына қатысты ҚР ҚК 192-бабының 4-тармағы, Н. Әбдімомынға қатысты ҚР ҚК 287-бабының 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды.