Құсбегілердің республикалық «Сонар-2009» жарысында ақмолалық бүркітші үздік шықты

АЛМАТЫ. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше Алматы облысының Талғар ауданындағы Ақбұлақ ауылында құсбегілердің республикалық «Сонар-2009» жарысы аяқталды,

Құсбегілердің республикалық «Сонар-2009» жарысында ақмолалық бүркітші үздік шықты
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Биыл 12-ші рет өткен бұл шараны Алматы облысының әкімшілігі, Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитеті, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы және «Қыран» федерациясы ұйымдастырды. Екі күнге созылған сайысқа 50-ге жуық құсбегі қатысты. «Жарыстың алғашқы күні қатысушылар киім киісі мен құсқа қажетті құрал-жабдықтары, құс пен иесінің қарым-қатынасы және қыран бүркітті қолға қондыру, шырғаға түсіруден сынға түскен болатын. Жоғары балл алған 17 бүркітші мен 9 қаршығашы жарыстың екінші күнгі сайысына өтті. Онда олар өз құстарын кептер, қоян және түлкіге салды», дейді «Қыран» федерациясының атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқызы. Тартысты өткен бұл сында бүркітшілер арасында Ақмола облысынан келген Қанат Шүленбаев «Қонышкері» деген қыранымен бірінші орын алды. Екінші орынды Аян Сейітжанның «Атамұрасы» (Алматы облысы), үшінші орынды Қуаныш Исабековтің «Айтұяқ» (Алматы облысы) пен Әліп Төребековтің «Қақпанқарасы» (Қарағанды облысы) бөлісті. Ал үздіктердің бұл шоғырын төртінші орын алған Бергенбай Тастанбектің «Ақшәулісі» (Ақмола облысы) түйіндеді. Осы жолы биыл алғаш рет сайысқа түсіп отырған Алматы облысы Райымбек ауданы Тоғызбұлақ ауылының тұрғыны Бақыт Беркінбайұлы «Көрермен көзайымы» сыйлығына ие болды.