Құсбегілік чемпионатына қатысушыларға күн райы кедергі келтіріп тұр - федерация
Жарысқа еліміздің 14 облысынан 50-ге жуық спортшы қатысуға ниет білдірген. Атап айтқанда, Алматы, Ақмола, Қарағанды, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Маңғыстау, Павлодар, Атырау, Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарының, сондай-ақ Астана қаласының спортшылары бақ сынайды. Чемпионаттың регламенті бойынша 31 бүркіт, 11 қаршыға, 10 ителгі бәсекеге түсті.
«Чемпионаттың алғашқы күні «Қолға қондыру» сайысының қорытындысы бойынша 18 бүркіт келесі айналымға өтті. Қатысушылардың айтуынша, құстардың көрсеткен нәтижелеріне өңірдегі күн райы да өз әсерін тигізген. Айта кетерлігі, чемпионаттың ережесіне сәйкес тікелей иесінің қолына қонған бүркіт қана максималды 10 ұпайды еншілейді. Осы ретте ауа райының қолайсыздығын ескере отырып, қазылар алқасының шешімі бойынша 9 ұпайды еншілеген қатысушылар да келесі айналымға өтті. Ал, «Шырғаға салу» сайысында 18 бүркіт екінші кезеңге өтті. Атап айтқанда, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Абай, Қарағанды, Атырау облыстары мен Астана қаласының спортшылары жартылай финалға жолдама алды. Жарыстың екінші күні, яғни бүгін құстар «Қоянға салу» сайысында бәсекеге түседі», - делінген федерация таратқан мәлімдемеде.