Құсбегілікті атадан балаға мирас еткен әулеттің шөбересіне құрмет көрсетілді

АЛМАТЫ. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматы облысының Талғар ауданындағы Ақбұлақ ауылында өткен құсбегілердің республикалық «Сонар-2009» жарысында бұл өнерді атадан балаға мирас етіп келе жатқан әулеттің шөбересіне құрмет көрсетілді,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Кезінде тағдыр талқысымен шетел асқан біздің үлкен ағаларымыз елге қайтып, Алматы өңірінде аз да болса ептеп құс ұшыра бастаған еді. Сәрсебек Дәулетбақұлы, Айтбай Жетібайұлы, Шәкен Ошақбайұлы, Айтбай Жетібайұлы, Тоқтасын, Молдасан Мәметұлдары, Байжүніс Көдекұлы, Абдолла және Әбілхақ Тұрдыбайұлдары сияқты ақсақалдардан біз үйрендік. Содан бері 15 жылдың ішінде Шет ауданының өзінде 20 шақты бүркітші тәрбиеленді. Енді Көкшетау, Қостанай, Павлодардан келіп бізден де үйреніп, Арқада кейінгі 10 жылда шұрайлы болмаса да, ыңғайлы құстар тәрбиелейтін азаматтар өсті. Қазаққа сана да, намыс та ұлттық дүние арқылы келеді. Кімнің не істеп, не қойғанын білмейтін шұбарланған заманда, ес жию үшін еліміз өзінің төл дүниесіне қайтқаны өте орынды деп ойлаймын», - дейді Тілеуқабыл Есенбек. Бұл шара кезінде ол құсбегілікті сақтап қалған, ұлттық сананы биігіне көтере білетін, өте терең, намысты сол ақсақалдардың әруағына ризашылық білдіріп, олардың ұрпақтарына өзінің тарту-таралғысын табыс етті. Мәселен, Шет ауданындағы құсбегілер мектебі орталығы атынан Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданының Нұра ауылындағы Жалайыр Шора атындағы құсбегілер орталығына балақ бау, ал жақында ғана көз жұмған Әлен ақсақалдың баласы Сейітжанға сағат, шөбересі Абзалға құс балдағын сыйлады. «Қыран» федерациясының атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқызының айтуынша, Алматы облысында 50 жыл құсбегілікпен айналысқан Мәметовтер мен Көдековтер деген екі үлкен әулет бар. «70 жыл бойы Арқа өңірінде құстың шаңқылы естілмей қалған болатын. Тілеуқабыл Есенбек деген ағамыз Алматы облысындағы ақсақалдардан үйреніп, құсбегілікті сол өңірге алып барды, Қарағанды облысының Шет ауданында құсбегілер мектебін ашты», - дейді ол.
Соңғы жаңалықтар