Күш қолдана отырып адвокаттың кәсіби қызметіне араласқандарға қатысты жаза күшейеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Адвокаттардың қызметіне заңсыз араласып, күш көрсету арқылы оған қандай да бір істі бұрмалауға мәжбүрлегендер 5 жылға сотталуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Күш қолдана отырып адвокаттың кәсіби қызметіне араласқандарға қатысты жаза күшейеді

Мәжіліс депутаттарының бастамасымен ҚР Қылмыстық кодексіне осындай өзгеріс енгізілуі мүмкін.

«Адвокатқа қатысты күш қолдана отырып заңсыз жеке ұйғарым немесе жеке қаулы шығарудан, адвокатты іс бойынша қабылданған тапсырмадан бас тартуға және заң көмегін көрсету туралы жасалған шарттан бас тартуға мәжбүрлеуден, адвокатты немесе оның үй-жайын заңсыз тінтуден немесе жете тексеруден, адвокаттық құпияны құрайтын мәліметтер мен құжаттарды заңсыз талап етуден және алып қоюдан, адвокаттың клиентпен кездесуінің құпиялылығын бұзудан, адвокатқа қатысты заңсыз жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуден, адвокаттан куә ретінде заңсыз жауап алудан, адвокатты ұстаудан, адвокатты қорғалушыға не мүдделері үшін үшінші тұлғалар заң көмегін көрсету туралы шарт жасасқан адамға жібермеу – 10 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланады», - делінген Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясында.

Айта кетейік, кодекстің қолданыстағы нұсқасында аталған сипаттағы қылмыстар үшін жазға тартатын арнайы тармақ жоқ.

«Қорғауындағыларға заң көмегін көрсету процесі үздіксіз сипатқа ие болғандықтан, адвокаттарды жіберуден бас тарту сөзсіз толық қорғауды жүзеге асыру мүмкін бермейді, яғни, күзетпен ұсталатын адамдардың құқықтарының бұзылуына әкеледі. Осыған байланысты нақты іс-қимылдардың тізбесін мыналармен толықтыру қажет: «адвокатты қорғауындағы адамға не оның пайдасына үшінші тұлғалар заң көмегін көрсету туралы шарт жасасқан адамға жібермеу». Адвокаттың зорлық-зомбылықты қолданумен заңды қызметіне кедергі келтірген жағдайда неғұрлым қатаң санкция енгізуді көздеу қажет. Мұндай жағдайлар практикада орын алуда», - деп түсіндірме берілген енгізілгелі отырған өзгеріске.