Күшейтілген карантин: Алматыда мониторинг тобы қыз ұзату тойын тоқтатты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров мониторинг топтарының жұмысын күшейтуді тапсырды. Олардың саны 32-ден 40-қа дейін ұлғайтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Күшейтілген карантин: Алматыда мониторинг тобы қыз ұзату тойын тоқтатты

Әкімдік мәліметінше, 21-26 наурыз аралығында қалада 98 тексеру жүргізілді, онда 1911 нысан қамтылып, 300-дей белгіленген жұмыс режимінің бұзылуы, эпидемияға қарсы талаптардың сақталмау дерегі анықталды. Сонымен қатар, 26-27 наурыз аралығында түнгі тексеру барысында 17 бұзушылық тіркелді. Мысалы, 300 кәсіпкерлік субъектісіне 230 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Бір апта ішінде маска режимін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабына сәйкес 693 жеке тұлға жауапкершілікке тартылды.

Мониторинг топтары анықтап, жолын кескен шаралар арасында үйлену тойлары, отбасылық және адамдар көп жиналатын өзге де мерекелік іс-шаралар бар. Мысалы, Әуезов ауданында 26 наурызда сағат 20.00-де «Ақсай 4», № 15а мекенжайындағы «Достар Сарайы» мейрамханасында «қыз ұзату» шарасы тоқтатылды. Тиісті шаралар қабылданды.

Ержан Бабақұмаров санитарлық-эпидемиологиялық режимді бұзу салдарынан коронавирус жұқтыру жағдайларының өсуі жалғасып жатқан аудандарда мониторинг топтарының жұмысын күшейтуді тапсырды.

Айта кетейік, Алматы эпидемиологиялық жағдай бойынша әлі де «қызыл» аймақта тұр. Өткен тәулікте қалада 450 адамнан коронавирус анықталды. Бұрынғыша 65 жастан асқан және созылмалы аурулармен ауыратын адамдар тәуекел тобына жатады, оларға мүмкіндігінше үйлерінен шықпауға кеңес беріледі.

Сонымен қатар, 20-29 жас аралығындағы адамдар арасында инфекцияның өсуі байқалды.

Алматы әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын жауапкершілік танытып, адамдар көп жиналатын орындарға бармауға, бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырмауға және қатыспауға шақырады.