#КүшімізБірлікте: Бізге керегі – еліміздің біртұтастығы, бейбіт өмір, экономикалық жағдайдың жақсаруы - профессор
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Кез келген сын-қатерден мемлекеттік мүддені жеке бас мүддесінен жоғары қоя отырып қол жеткізе аламыз. Мұндай пікірді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Айнұр Құрманәлиева білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекеттің тұрақты дамуы біртұтастық пен бейбіт өмір кезеңінде орын алатыны анық. Ел Президенті халықтың конституциялық құқықтарын қорғай отырып, бірқатар іс-шараны қолға алды. Елдегі жағдай біртіндеп тұрақталып, террорлық әрекетке барып жатқан содырлардың заңсыз қимылдарына тосқауыл қойылуда», - деді профессор.
Ғалым кез келген бастама сауатты, бейбіт жолмен, келісім мен сұхбаттастық арқылы орын алғанда ғана тиісті нәтиже беретіндігін баса айтады.
«Мемлекет мүлкінің, халыққа қажетті стратегиялық нысандардың бүлінуі – бұл бюджетке келтірілген шығын. Қазіргі аумалы-төкпелі заманда, пандемия салдарынан болып жатқан экономикалық шығындар контексінде мұндай іс-әрекеттерге жол бермеуіміз керек. Бүгінде бізге керегі – еліміздің біртұтастығы, бейбіт өмір, экономикалық жағдайдың жақсаруы. Кез келген сын-қатерден бірлесіп және мемлекеттік мүддені жеке бас мүддесінен биік қоя отырып қол жеткізе аламыз», - деді Айнұр Құрманәлиева.