Күшіне енген жаңа ереже абоненттерді жоспарсыз шығыннан сақтайтын болады
АСТАНА. 9 ақпан. ҚазАқпарат -Телефон, ұялы байланыс және интернет желісіне қолжетімдік қызметтері туралы жаңа ережелер абоненттерді жоспарсыз шығындалудан қорғайды.
Бұл туралы Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
«Телефон байланысының қызметі туралы қолданыстағы ережелерге сәйкес байланыс операторы желіні жаңғыртқанда немесе аналогтық стансыны сандық стансыға ауыстырғанда, абонент нөмірінің ауыстырылғанын БАҚ арқылы хабарлайтын болса, енді жаңа ережелерге сәйкес оператор өзгертулер туралы алдын-ала әрбір абонентті пошта хабарламасы арқылы жеке ескертетін болады. Бұл толықтырулар абонент пен байланыс операторы арасындағы өзара есеп айырысу тәртібіне енгізілді. Енді байланыс операторы абонентті, егер ол «ақылы» қызметтер тобына (зияткерлік тұғырнама қызметтері: ұтыс ойыны, дауыс беру, сөзжұмбақ, анықтамалық-ақпараттық қызмет, танысу қызметі) қоңырау соққан жағдайда соғылған қоңыраудың құны туралы хабардар етуге міндетті», - делінген баспасөз айғағында.
Мұндай талаптар ұялы байланыс операторларына да қойылып отыр. Бұдан өзге, егер абонент ұтыс ойыны, сөзжұмбақ, телевикторина ойындарына қатысу үшін SMS-хабарлама жіберетін болса, байланыс операторы абонентке қысқаша хабарлама жіберу арқылы аталған SMS-хабарламаның құны туралы ескертуі тиіс. Бұл қызмет үшін төлемақы абонент аталған хабарламаны жібергенін растағаннан кейін ғана алынуы керек (растау үшін жіберілген хабарламаға төлемақы алынбайды).
ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Сәкен Сарсеновтың айтуы бойынша, аталған шара өткен жылы телефон алаяқтарының жиі көрініс беруіне орай қабылданып отыр.
«Абоненттер интеллектуалдық платформа нөмірлеріне оның ақылы екенін білмей қоңырау соғып, нәтижесінде қомақты сома жазылған шоттарға ие болды. Ережеге енгізілген толықтыруға сәйкес, егер байланыс операторы абонентті бұл байланыс қызметінің құны туралы хабарламаған жағдайда, абонент аталған байланыс қызметі үшін берілген шот бойынша төлем жүргізбеуге құқылы» - деп айтып өтті вице-министр.
Телефон, ұялы байланыс және Интернет желісіне қолжетімдік қызметтері туралы жаңартылған ережеде абонентті «минустық баланстан» қорғайтын қызмет түрі де қарастырылған.
Сәкен Сарсеновтың айтуына қарағанда, бұл шетелге шығатын абоненттер үшін өзекті болып табылады. Өйткені, азаматтардың шетелден елге қайтып оралғанда өзінің жеке шотындағы барлық қаражатты толығымен жұмсап қана қоймай, байланыс операторына қарыз болып қалатын жағдайлары жиі кездеседі.
Бұдан бөлек, алдағы уақытта, ережеге сәйкес егер абонент төлемнің алдын ала (аванстық) түрі бойынша (оның жеке шотындағы соммаға сәйкес қызмет түрін алады) «минусқа» кетсе, ол бұл сомманы өтемеуге құқылы. Абоненттер несие түрінде ұялы байланыстың шығыс қоңырауларына шектеу қоя алады.
Ережеде роуминг қызметіне қосылудың ең төменгі сомасы екі айлық есептік көрсеткіштен (2АЕК) көп болмауы тиіс екендігі жазылған.
Бұнымен қатар, интернет желісіне қолжетімдік қызметі туралы ережеде байланыс операторы абоненттің басқа қызметі үшін (мысалы телефония үшін) төлем жүргізбеуіне байланысты оны интернет желісіне қолжетімдік қызметінен шектете алмайды.
Аталған Ережелер ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 30 желтоқсан күнгі Қаулысымен бекітілді.