Күшті жел: Қарағанды облысында 60-тан астам ғимараттың шатыры мен қаптамалары зақымданды

мектеп
Фото: Қарағанды облыстық ТЖД

Қарағанды облысында жарты тәулік ішінде қатты жел 60-тан астам ғимараттың шатыры мен қаптамасын зақымдады. Қазіргі уақытта көшелерді тазалау және электр желісін қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды Кazinform агенттігінің тілшісі.

Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің деректері бойынша 18 қараша сағат 15:55-тен 19 қараша сағат 09:00-ге дейін желдің екпіні 61 ғимараттың төбесі мен қаптамасын жұлып алып, қиратқан. Зардап шеккендер жоқ.

мектеп
Фото: Қарағанды облыстық ТЖД

Сондай-ақ, Қарағандыда электр сымдарының үзілуі тіркелді. Нәтижесінде қаланың бір бөлігі жарықсыз қалды.

«Қаланың кіреберіс бөліктеріндегі құлаған шатырлар, ағаштар, жарықтандыру тіректері бірден жинап тасталды. Біз аумақты тазарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, ағаштарды кесіп тастаймыз, тіректерді алып тастаймыз, аялдама павильондарын ретке келтіреміз, бәрін тез арада жоямыз. Электр энергиясына келетін болсақ. Қатты желдің салдарынан қала ішінара электр қуатынсыз қалды. Кеше қаланың басым бөлігін Гоголь, Лобода, Назарбаев, Ерубаев, Абай, Сәтбаев, Жамбыл және т. б. көшелері жарықсыз қалды. Осы уақытта электр қуатынсыз отырған шағын аудандар мен көшелер: Восток-5, Көгілдір тоғандар, Шахтерский ш/а, Моторная, Олимпийская, Қазақстан, Рыночная, Армейская, Комунальная, Итэровская, Искры, Руднинская, Успенская, Дружбы, Сочинская, Локомотивная, Третьяковка, Железнодорожная, Павленко, Шаумяна көшелері. Қарағанды жарық мамандары ақау шыққан жерлерде жұмыстар жүргізіп жатыр. Жағдайды жеке бақылауымда ұстаймын», - деді Қарағанды әкімі Мейрам Кожухов.

Қарағанды облысы
Фото: Қарағанды облыстық ТЖД

Электр энергиясының ажырауына байланысты Сұрыптауда, Жұмысшылар кентінде және Компанейскіде сорғы станциялары жұмыс істемеді. Дауылдан бірнеше сағат өткен соң, сорғы станцияларындағы ақаулар жойылды.

Сорғы станциясында кернеудің болмауына байланысты Восток - 1,2,4 шағын аудандары жылумен жабдықтаудың төменгі режиміне ауыстырылды. Бірақ қазіргі уақытта электрмен жабдықтау қалыпқа келтіріліп, үйлерге жылу толық көлемде беріліп жатыр.

Қарағанды
Фото: Қарағанды облыстық ТЖД

19 қарашада облыста қар, тұман және көктайғақ болуы ықтимал. Осыған байланысты Тһтенше жағдайлар департаменті облыстың барлық тұрғындарына жел күшейген кезде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды және аса қажет болмаған жағдайда көшеге және елді мекендерден тыс жерлерге шықпау керектігін ескертеді. ТЖД ресми парақшасында және бұқаралық ақпарат құралдарында ауа-райының өзгеруін, облыс жолдарындағы қозғалыс жайлы хабарламаларды назарға алу керектігі айтылды.

Соңғы жаңалықтар