Күшті алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынатын уақыт шектеулері ұсынылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Күшті алкоголь өнімдерін сатуға кешкі сағат 21-ден келесі күнгі сағат 12-ге дейін тыйым салу ұсынылады. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі этил спирті мен алкоголь өнімдерінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеуге арналған заң жобасының таныстырылымы барысында мәлім болды.

Күшті алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынатын уақыт шектеулері ұсынылды

Қаржы вице-министрі Ардақ Теңгебаевтың айтуынша, спиртті ішімдіктерді сатуға уақыт бойынша шектеу қою көптеген елдер тәжірибесінде бар. «Зерттеулерге сүйенсек, жұртшылық арасында алкогольді тұтыну деңгейі дүкендердің жұмыс уақыты ұлғайғанда өседі және жұмыс уақыты азайғанда төмендейді екен. Мәселен, Швецияда сенбі күндері арақ дүкендерін жабу тәжірибесі енгізілгелі бері осы елдегі маскүнемдікпен қамауға алынатындар саны 10%-ға төмендеген. Осыған ұқсас нәтижелер Норвегия мен Финляндия елдерінен де байқалды», - дейді вице-министр.

«Бұдан басқа ішімдікке салынған кейбір адамдар «бас ауруы синдромынан» құтылу мақсатында таңертең дүкенде емін-еркін сатылатын ішімдікке оңай қол жеткізеді. Сөйтіп, ішімдікке салынған адам маскүнемдігін тежеудің орнына, ары қарай жалғастырады. Аталған өзгерістер осыған байланысты ұсынылды», - дейді Ардақ Теңгебаев.

Оның айтуынша, өзгерістер тек күштілігі 30 градустан жоғары спиртті ішімдіктерді сату уақытын қысқартуға қатысты болып отыр. Яғни, күштілігі 30 градустан төмен алкоголь ішімдіктеріне тыйым салу бұрынғыша түнгі сағат 23-тен таңертеңгі сағат 8-ге дейін болып қала береді. «Бұл ретте, аталған шектеулер жұмыс және демалыс күндеріне қарай бөлінбейді. Сонымен қатар, мейрамханаларға, барлар мен кафелерге қолданылмайды», - дейді вице-министр.