Құтқарушылар 9 мыңнан астам адамды қауіпсіз жерге көшірді - Сырым Шәріпханов

төтенше жағдай
Фото: ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі

Биыл 8 айда өрт және басқа да қайғылы оқиғалар салдарынан 1,2 мың адам зардап шекті. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы сегіз айда еліміз бойынша 8 мыңнан астам төтенше жағдай мен басқа да оқиғалар тіркеліп, 1 250 адам зардап шекті, оның ішінде 495 адам қайтыс болды. Материалдық шығын 9 млрд 170 млн теңгені құрады», - деді С. Шәріпханов Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің кеңейтілген отырысында азаматтық қорғау тақырыбын талқалау кезінде.

Оның айтуынша, арнаулы бөлімшелер 9 мыңға жуық адамды құтқарды. Бұл ретте 9 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Зардап шеккен 3,5 мыңнан астам адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді.

«Сонымен қатар, төтенше жағдайға қатысты іс-қимыл бойынша бірқатар жүйелік проблема бар. Оны Абай, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарындағы өрттер, АрселорМиттал шахталарында болған қайғылы оқиғалар кезінде орын алған фактілер растап тұр. Қазіргі кезде министрліктің барлық әлеуеті осы мәселелерді шешуге бағытталған. Атап айтқанда, Қауіпсіздік Кеңесімен, Үкімет аппаратымен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп өртке ден қою алгоритмі әзірленді. Үкімет қаулысымен Жаһандық және өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайды жою жөніндегі іс-қимыл жоспары бекітілді», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum