Құтқарушылар Алматы тауларында адасып қалған төрт адамды алып түсті
АСТАНА. KAZINFORM — Тауда адасып қалған төрт адамға құтқарушылар көмек көрсетті, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.
Алматы қаласының Медеу ауданында, Бутаков сарқырамасы маңында, теңіз деңгейінен 2400 метрден астам биіктікте төрт адам таудан түсу кезінде адасып қалған.
Алматы қаласының Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының құтқарушылары туристерге көмек көрсетіп, оларды Қотырбұлақ шатқалына, автожолға дейін алып түсті.
— Азаматтарға медициналық көмек қажет болған жоқ. Олар кейін өз беттерінше үйлеріне қайтты, — делінген хабарламада.
Бұған дейін Алматы тауларында Корея азаматын іздеуге 102 адам жұмылдырылғаны белгілі болды.