Құтқарушылар Алматы тұрғындарын тауға шығудан бас тартуға шақырды

АЛМАТЫ. KAZINFORM - «Қазселденқорғау» ММ қызметкерлері «Қазгидромет» РМК мамандарымен бірлесіп көшкін қаупі бар учаскелерді тексеру кезінде Үлкен Алматы өзенінің бассейнінде, сондай-ақ Талғар өзені алқабында жалпы көлемі 13750 текше метр қар көшкіні өздігінен түскенін анықтады.

қар түсті
Фото: ҚР ТЖМ

Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.

Қар көшкіндерінің басым бөлігі көлбеу және таулардың етегінде тоқтап, төрт қар көшкіні көлге түсті.

Қазселденқорғау, Алматы қаласы полиция мен ТЖ департаменттерінің қызметкерлері блок беккеттер қойып, халықтың жүріп-тұруын шектеу бойынша шаралар қолданды. Соның нәтижесінде қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

Қардың бір бөлігі Үлкен Алматы өзеніне апаратын автожолды жауып тастады. Жол тазартылды, ешбір ғимаратқа залал келмеді.

Қазселденқорғау және Алматы қаласы ТЖД мамандары қар көшкіні қаупінің жоғары болуына байланысты (таулардың беткейлеріндегі қардың тұрақсыз жай-күйі) жақын күндері тауға, оның ішінде Богданович мұздығы ауданына бармауға кеңес береді.

Алматы қаласының ТЖ және полиция департаменттері осы автожол бойында алдын ала автокөліктің жүруін шектеу жөніндегі блок бекет қойды. Қауіпті учаскелерде ескерту қалқандары орнатылды.

Өз кезегінде, Қазселденқорғау қар көшкіні қаупі бар кезеңнің басынан бастап жалпы көлемі 9200 м3 астам қар көшкінінің 4 профилактикалық түсуін жүргізді (шамамен 10 мың).