Құтқарушылар Бозжыра маңында балшыққа батқан екі туристік автобусты шығарды

АСТАНА. KAZINFORM — Маңғыстау облысында құтқарушылар Бозжыра шатқалы маңында балшыққа батып қалған туристерге көмек көрсетті, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі.

Бозжыра
Фото: Қоғамдық коммуникация орталығы

Маңғыстау облысы «Бозжыра» шатқалы маңында далалық жолда қолайсыз ауа райы салдарынан екі автобус батпаққа батып қалған.

Оқиға орнына ТЖМ күштері мен құралдары жіберілді. Құтқарушылар келген кезде автобустардың ішінде 50 адам болған.

Арнайы техниканың көмегімен құтқарушылар көліктерді жолдың тазартылған бөлігіне шығарып, туристердің сапарын әрі қарай жалғастыруына жәрдем берді.

Айта кетейік, жуырда Қарағандыда құтқарушылар батпаққа батқан екі жасөспірімді аман алып шықты.

Ал Көлсайда құтқарушылар төменге жылжып кеткен шағын автобусты сайдан шығарды. Еске сала кетсек, Алматы облысында «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің аумағында микроавтобус еңістен сырғып кетіп, шамамен 150 метрге төмен құлап түскен.