Құтқарушылар Павлодардағы Шолақсор ауылын тасқын судан аман алып қалды

су тасқынымен күрес
Фото: Павлодар облыстық ТЖД

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Жергілікті атқарушы органдар мен ТЖД күштері ауыл айналасындағы бөгет пен топырақ үйінділерін нығайтып, судың кіруіне жол бермеді. Өңірде қазіргі уақытта 10 учаске бақылауда тұр.

Павлодар облысында су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасып жатыр. Бұған дейін Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылында төтенше жағдай жарияланғаны туралы хабарлаған едік.

Ақтоғай ауданындағы Шолақсор ауылы да қауіп көзінде қалған болатын. Жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен ТЖД қызметкерлері күш біріктіріп, ауылды топан судан аман алып қалды.

су тасқынымен күрес
Фото: Павлодар облыстық ТЖД

«Шолақсор ауылының айналасындағы топырақ үйіндісі, бөгет топырақпен және құм толтырылған қапшықтармен нығайтылды. Ауылға кіретін жолдың айналасы да биіктетілді. Осылайша тұрғын үйлер мен жергілікті ұйымдарды су басуға жол берілмеді. 2 техника және 2 жүзу құралы жұмылдырылды. Аталған елді мекендегі су деңгейінің өзгеруін ТЖД-ның 6 қызметкері бақылап отыр. Барлық тартылған күштер мен құралдар қазір Жалаулы ауылына бағытталды», - деп хабарлады өңірлік төтенше жағдайлар департаментінен.

Бүгін таңертеңгі жағдай бойынша автокөлік жолдарының бір бөлігінде және Павлодар, Ақтоғай, Тереңкөл, Успен, Ертіс және Шарбақты аудандары бойынша жалпы саны 10 учаскедегі жағдай бақылауда тұрғаны белгілі болды.

су тасқынымен күрес
Фото: Павлодар облыстық ТЖД

Облыс бойынша су тасқынына қарсы іс-шараларға барлығы 435 адам, 145 техника, 47 мотопомпа, 2 жүзу құралы жұмылдырылған. Өткен тәулікте 108 876 текше метр су сорылып, 2850 қап, 150 тонна инертті материал төселді.

Өңірлік білім беру басқармасы Ақтоғай ауданына қарасты Шұға және Жалаулы ауылдарының оқушылары төртінші тоқсанды қашықтан оқи бастағанын хабарлады. Жалпы саны 104 бала онлайн түрде білім алып жатыр.

Соңғы жаңалықтар