Құтқарушылар Сібе көлдерінде шомылу қауіпті екенін ескертті

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары өңірдегі адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін су айдындарын атады.

жағажай
Фото: Нелли Нигматуллина/Kazinform

ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары өңір тұрғындары жиі баратын демалыс орындарының бірі - Сібе көлдерінде шомылудың қаупі бар екенін мәлім етті. Сырт көзге тынық көрінетін суда барынша абай болған жөн.

- Сібе көлдерінде жерасты бұлақтары бар және кей жерлерінің тереңдігі 40 метрден асады. Сондықтан бұл көлдерді толықтай қауіпсіз деуге болмайды, - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Сонымен қатар құтқарушылар қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, тек арнайы жабдықталған орындарда шомылу қажеттігін атап өтті.

- Көлдерде арнайы қоршалған жағажайлар мен ұйымдастырылған демалыс аймақтары бар. Егер тек сол орындарда шомылса, қауіп айтарлықтай азаяды, - делінген ақпаратта.

Өскемен қаласы аумағындағы Үлбі мен Ертіс өзендері де шомылуға қауіпті су айдындарының қатарында. Бұған негізгі себеп – ағынның қатты болуы.

- Қала маңында толықтай қауіпсіз су айдындары жоқ. Үлбі мен Ертісте ағыс өте қатты. Сондықтан суға түсу аса қауіпті, - деп ескертті ТЖД мамандары.

Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде екі адам Үлбі өзеніне батып кеткені хабарланған.