Құтқарушыларға қарсылық емес, қолдау көрсету керек – Олжас Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM – Құтқарушылардың жұмысын қиындатпай, оларға қарсылық емес, керісінше, қолдау көрсету керек. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.
«Маған үй-жайларын тастап кеткісі келмейтін тұрғындардың әрекеті эвакуациялау жұмыстарын қиындатып жатқаны туралы айтылды. Олар су тасқынының ауыр зардаптарына сенгілері келмейді. Көріп отырғанымыздай, биыл мұндай апат су тасқыны бұрын-соңды болмаған жерлерде де орын алуда. Сондықтан қазақстандықтарды әкімдіктер мен арнайы қызметтердің хабарламаларына ерекше мән беріп, олардың нұсқауларын орындауларын сұраймын. Бұл адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Эвакуациялау – бірінші кезекте, Сіздердің қауіпсіздіктеріңізді қамтамасыз етуге бағытталған. Сондықтан құтқарушылардың жұмысын қиындатпай, оларға қарсылық емес, керісінше, қолдау көрсету керек. Олар сіздер үшін тер төгіп жатыр. Ал адамдарды құтқару оңай жұмыс емес», - деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министр өкінішке қарай, Батыс Қазақстан облысында сержант Батырбек Қапсықов қызметтік міндетін атқару кезінде екі бірдей пышақ жарақатын алғанын, қылмыскер ұсталғанын айтты.
«Күштік құрылымдардың қызметкерлері мен құтқарушылар шын мәнінде батылдық көрсетіп жатыр. Ал Ақтөбе облысында тасқын жағдайында жүкті әйелді босандырып алуға тура келді – анасы мен жаңа туған егіздерді құтқарып қалды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен қазіргідей қиын жағдайда ел тұрғындарына көмек қолын созып жатқан құтқарушыларға, ұшқыштарға, Ішкі істер, Қорғаныс министрліктеріне мен Ұлттық ұланның қызметкерлеріне, медицина қызметкерлеріне және қатардағы еріктілерге алғысымды білдіргім келеді», - деді Олжас Бектенов.