Құтқарушылар алжирлік лайнер құлаған жерді тапты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Буркина-Фасодан келген құтқарушылар алжирлік авиалайнер құлаған жерді қарады, олар ұшақ сынықтары мен адамдардың мәйіттерін тапты, деп хабарлады шетелдік БАҚ.
Осыған дейін Буркина-Фасо армиясының генералы Жильбер Дьендере ұшақ сынықтары Мали аумағындағы Госси қаласының оңтүстік батысына қарай 80 км, буркиниялық шекарадан 50 км жерде орналасқан Буликесси (Boulikessi) елді мекенінде табылғанын мәлімдеген. Бұл ақпаратты шетелдік дипломаттар мен жергілікті билік өкілдері растады.
Жұма күні Мали президенті Ибрагим Бубакар Кейт апат орнына баруды жоспарлап отыр.
Бейсенбі күні Буркина-Фасо астанасы Уагадугудан Алжирге бағыт алған алжирлік McDonnell 83 ұшағы радарларған жоғалып кетті. AH5017 рейсін Air Algerie компаниясы жүзеге асырған, ал ол ұшақты испаниялық Swiftair жалға алған. Уагадугудан ұшқан соң 50 минут өткеннен кейін ұшақпен байланыс үзілді.
Ұшақ бортында 116 адам, олардың қатарында 15 елдің азаматы болған, басым бөлігі - француздар. Алдын ала болжам бойынша барлығы қаза тапқан.