Құтқарушылар Қаскелең аңғарында жоғалған екі жасар баланы тапты (ФОТО)

Алматы ТЖД баспасөз қызметінің ақпаратынша, 13 маусымда сағат 00:50-де Қаскелең шатқалындағы Іле-Алатау саябағы қызметкерінің 2014 жылы туған баласы жоғалғаны туралы хабар түсті. 7 адамнан тұратын ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті республикалық жедел-құтқару жасағының тобы мен кинологтар оқиға орнына шықты. Олар үй маңындағы аумақты, сонымен қатар баспана маңындағы жолдың 2 шақырымын тексерді.
Сағат 05:40 13 құтқарушы мен 2 кинолог көмекке келді. Күн шыққанда жол маңында баланың аяқ киімі табылды. Іздеуге екі топ жұмылдырылды.
Сағат 10:35 тау маңындағы аумақты тінтіген бір топ тастардың арасында ұйықтап жатқан баланы тапты. Баланың жағдайын тексерген дәрігер оның өміріне еш қауіп төніп тұрмағанын айтты. Құтқарушылар нәрестені ата-анасына қайтарды.