Құтқарушылар көпқабатты үйлерде бала терезеден құламас үшін не істеу керектігін түсіндірді

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары көпқабатты үйлерде бала терезеден құламас үшін не істеу керектігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл сайын көктем-жаз айларында балалар терезеден құлап кететін оқыс оқиғалар болып жатады. 2021-2023 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан аумағында 5 бала осылай көз жұмған. Осы ретте, өңір құтқарушылары қайғылы жағдайдың алдын алу үшін не істеу керектігін түсіндірді.

Жүргізілген талдау нәтижесінде, терезеден құлаған балалар негізінен 1-3 жаста болатыны анықталды. Негізгі себептер - баланы қараусыз қалдыру және терезені ашуға жол бермейтін қорғаныс құралдарының болмауы.

«Оқыс оқиға ата-аналар үлкен балаларына кішілерін қарауды тапсырған кезде де болады. Кейбіреулер тіпті бес жасар баласын»үлкен«деп санап, оған бір жасар бүлдіршінге бас-көз болуды тапсырып жатады. Бұл мүлде дұрыс емес. Бала ересектер сияқты жауапкершілікті сезіне алмайды. Кейбір ата-аналар кішкентай балаларын көшеге, құстарға, көліктерге қарату, әкесіне немесе шешесіне қол бұлғау үшін терезе алдына өздері шығарады. Соның салдарынан бала биіктіктің қаншалықты қауіпті екенін түсінбейді», - дейді ШҚО ТЖД психологы Светлана Андрусенко.

Балалар москит торына сүйеніп, терезеден құлап кетуі мүмкін. Шыбыр-шіркейді үйге кіргізбейтін москит тор ешқашан балаларға қорған бола алмайды. Керісінше ондай тор қайғылы жағдайға себепкер болады. Өйткені бала өзін қауіпсіз сезінеді де оған сүйенеді.

Оқыс оқиғаның алдын алғыңыз келсе:

- Балаларды қараусыз қалдырмаңыз.

- Пәтер терезелеріне арнайы қорғаныс құралдары қойылуы тиіс.

- Бала өздігінен аша алмайтындай етіп терезе тұтқасын құлыптаңыз.

- Баланың терезе алдына шығуына жол бермес үшін жиһаздың барлық түрін терезелерден алысқа қойыңыз.

- Баланы терезе алдына шығарып, көшеде не болып жатқанын көрсетуге үйретпеңіз. Ол сіз жоқта соны қайталауы мүмкін.

- Балаларға ересектердің қарауынсыз балконға шығуға рұқсат бермеңіз.


Соңғы жаңалықтар