01:14, 12 Қаңтар 2015 | GMT +5
Құтырған бура екі фермерді таптап өлтірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Күйек кезінде құтырған бура екі адамды таптап өлтірді. Оқыс оқиға Техас штатында Уичита Фоллс қалашығы (Wichita Falls) маңындағы хуторда болған, деп хабарлады 11 қаңтарда NBC News телеарнасы.
72 жастағы ферма иесі Пегги Макней (Peggye McNair) мен 53 жастағы оның көмекшісі Марк Мере (Mark Mere) түнгі екі жарымда табылған. Алдын ала болжам бойынша, қайғылы оқиға кешқұрым болған сыңайлы.
Мере түнге қарай жануарға су бермек болған. Алдын ала астауға құйылған су қатып қалғандықтан ер адам шелекпен тасыған. Оның үстіне бұл қорада үш түйе болған көрінеді.
Құтырған бура күнде жөм-шөбін беріп жүрген иесіне тап беріп, қуа жөнелген. Ферма иесі 72 жастағы кейуана өз жұмысшысына көмек бермек болып, жануардың алдын орай қораның есігін жаппаққа әрекеттенеді. Бірақ үлгере алмайды. Бура екеуін де таптап өлтіреді.