ШҚО-лық зергер күмістен қазақы нақыштағы әшекейлер жасайды

ШҚО
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында тұратын Оралбек Бекқали күмістен түрлі бұйым жасайды. Барлығын тек қол еңбегімен дайындап, арнайы аппарат қолданбайды. Әсіресе оның қазақы ою-өрнек қосылған әшекейлеріне қызығатындар көп.

Оралбек Бекқали Қытай Халық Республикасының Алтай қаласынан Шығыс Қазақстан облысына 20 жыл бұрын қоныс аударған. Қазір Самар ауылындағы мектепте еңбек пәнінен сабақ береді. Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің көркемсурет факультетін тәмамдаған. Сол кезде дипломдық жұмысы зергерлік өнер тақырыбына қатысты болды. 

ШҚО
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

— Әкем де, атам да ұсталықпен айналысқан. Зергерлік жұмысқа бала күнімнен қызығатынмын. Бұйымдарды күмістен жасаймын. Әзірге алтын қолданып көрмедім. Негізгі мақсатым — ұлттық нақышта бұйым жасап, бабалар мұрасын жалғау, — деді зергер.

Алқа, білезіктен бастап, көлемді бұйымдарды да жасайды. Жасайтын заттарына мельхиор аталатын металды қолданады. Бұл күміс пен мырыштың қосындысы. Бағасы күміске қарағанда арзанырақ. 

— Бұған табыс көзі ретінде қарамаймын. Хобби десем де болады. Жалпы, зергерлікпен үздіксіз айналысып келе жатқаныма сегіз жылдан асты. Суретшілігім де бар. Зергер мен суретшінің арқалайтын жүгі бір. Екеуі де қол өнері мен нақтылықты талап етеді, — деді Оралбек Бекқали. 

Бұйымдарды жасауға кететін уақыт әртүрлі. Мәселен, ерлерге арналған белбеуді жасауға жарты ай жұмсаған.

— Эскизін дайындауда мұқият болу керек. Қазақы ою-өрнек міндетті түрде қосылуы тиіс. Бұйым мінсіз шықсын десек, ойда әбден пісірген жөн. Бұйым жасауда ең ұзақ дегенде бір ай уақытым кетті. Барлығы тек қол еңбегімен дайындалады, арнайы аппарат қолданылған жоқ. Уақыттан ұтылмас үшін алдағы уақытта жартылай автоматтандыруға көшуді жоспарлап отырмын, — дейді ол. 

Жасалған әшекейлердің бағасы күмістің салмағымен есептеледі. Соңғы уақытта қыздарға арналған алқа-моншақтарға тапсырыс жиілеген.

— Нақты бір қатып қалған баға жоқ. Табиғи таза тастар мен күміс қолданылса, жөні бөлек. 7000 теңгеден басталып, қымбаты 200 мың теңгеге дейін барады. Самар ауданы көлемінде тапсырыс түссе, оюлап, әсемдеп дайындап беремін, — деді зергер.

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum