Кувейт Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше болды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Кувейт Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше болып кірді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кувейт Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше болды

«Кеңеске 1999 жылы 15 мемлекет мүше болса, қазір олардың саны 27-ге жетті. Бұл, шын мәнінде, форумның Азия елдері және жалпы әлем қауымдастығы алдындағы беделі арта түскенін көрсетеді. Біз Кувейттің Кеңеске мүше болып, қатарымызға қосылғанына өте қуаныштымыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, ол кеңесті шақыру туралы алғаш бастама көтерілгеніне 30 жыл толғанын еске салды.

«Биыл осы Кеңесті шақыру туралы бастаманың көтерілгеніне 30 жыл толды. Осы кезең ішінде бұл жиын көпжақты ынтымақтастық тұғырына және заманауи дипломатияның халықаралық институтына айналды», - деді Президент.