Кувейт ҚР-дың халықаралық қоғамдастықтың бір мүшесі болуын құптаған елдердің бірі - Елші

ҚР-дағы Кувейттің Төтенше және Өкілетті Елшісі Тарек Абдулла Аль-Фарадж алдымен, Қазақ елін Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойымен құттықтады. «Осындай қысқа уақыт аралығында Қазақстан Республикасы орасан көп кезеңдерден өтіп, әлемдік және аймақтық ерекше орны бар мемлекетке, сондай-ақ халықаралық және аймақтық мәселелерді шешуде арқа сүйейтін мекенге айналды. Мұның барлығы осы елдің саяси билігінің даналығы мен қонақжай халқының кеңшілігінен деп білемін. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуымен құттықтаймын», - деп атап өтті ол.
Кувейт Елшісі өз елінің тарихы мен экономикасы, әлемдегі орны жөнінде баяндай келе, Қазақстан мен Кувейт арасындағы қарым-қатынастарға тоқталды.
«Кувейт-Қазақстан қарым-қатынастары ҚР егемендігін алған уақыттан бері басталды. Кувейт Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтың бір мүшесі болуын қоштап, құптаған елдердің бірі болып табылады. Кувейт-Қазақстан қарым-қатынастары әуел бастан дамыды, 1997 жылғы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мырза Кувейт мемлекетіне ресми сапар жасап, нәтижесінде бірнеше екіжақты келісімдерге қол қойылып, Қазақстан-Кувейт сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық Үкіметаралық комиссиясы құрылды. Комиссияның бірнеше отырысы өтіп, екі ел арасындағы келісімдерге қол қойылды», - деді дипломат.