Кувейт Парламенті Алла есіміне тіл тигізгендерді өлім жазасына кесуге қолдау білдірді
АСТАНА. 5 мамыр. ҚазАқпарат - Кувейт Парламенті Аллаға тіл тигізгендерге өлім жазасын қарастыратын заң жобасын қабылдады. Заң жобасына сәйкес, Алла мен мұсылмандардың қасиетті кітабы - Құранға, кез келген пайғамбар мен Мұхаммед пайғамбардың
әйелдеріне сөз тигізген әрбір адам жазалаудың ең жоғарғы түріне ілігуі мүмкін.
«Интерфакс-Қазақстанның» хабарлауынша, Парламенттің 40 депутаты аталған заң жобасын қолдаса, 6-ауы қарсы болған. Заң жобасының күшіне енуі үшін оны Үкімет мақұлдап, Кувейт әмірінің қолымен бекітілуі тиіс.
Алайда егер сотталушы сотта кінәсін түсініп, өз ісіне өкініш білдірген жағдайда, өлім жазасынан құтылып, оның орнына 5 жыл түрмеде жазасын өтейді немесе 36 мың доллар шамасында айыппұл төлеуі қажет.
Егер қылмыс қайталанатын болса, онда ол азамат соттың мейірімінсіз бірден өлім жазасына кесіледі.