Кувейтте болған орынсыз оқиғаға байланысты шешім бүгін қабылданатын болады
АСТАНА. 27 наурыз. ҚазАқпарат - Кувейтте Қазақстан Әнұранының орнына сайқымазақ Бораттың әнін қойғаны үшін ұйымдастырушы комитет жауапты.
Бүгін Үкімет отырысынан кейін журналистерге сұхбат берген ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев осылай айтты.
«Осы мәселе бойынша нақты шешімді біз бүгін қабылдаймыз. Мен Кувейтке барған біздің делегация өкілдерін кінәлай алмаймын. Негізі, спорт ойындары өткен кезде, ұйымдастыру комитеті әрбір елге сұрау салып, мемлекеттік рәміздердің сәйкестігін тексереді. Осы сұрауға жауап беріп, әнұранды нақтылаған лауазымды тұлғалар болса, олар міндетті түрде жауап беретін болады. Ұйымдастыру комитеті өздігімен де іс-шараға қатысушы елдердің мемлекеттік рәміздерін тауып, шырқатуы мүмкін. Ондай жағдайда комитеттің өзі жауап беру тиіс», - дейді Т.Ермегияев.