Кувейттік жігіттің сүйіктісіне арнаған сыйы кептеліс тудырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кувейт астанасында ғашық жігіт сүйгеніне сезімін білдіремін деп қалада кептелістің тууына себепші болды, деп хабарлайды ria.ru.

Кувейттік жігіттің сүйіктісіне арнаған сыйы кептеліс тудырды

Жас жігіт сүйіктісінің туған күніне ерекше сый болсын деп, қалалық жаяу жүргіншілер көпіріне жүрек формасындағы гүл шоғын орнатып қойған. Ол гүл күн сайын сол жолмен өтетін сүйіктісінің назарын аудару керек-тін. Алайда аты-жөні белгісіз жігіттің бұл сезімін жалғыз оның ғашығы ғана емес, бүкіл қала халқы білді. Себебі, шаһардың қақ ортасындағы көпірдің жолаушылары гүл шоғын көріп қана қоймай, оның қасында суретке түсуді сәнге айналдырған. Сондықтан болар, бүгінде елдегі әлеуметтік желілерде аталмыш гүл шоғының қасында түскен суреттер саны артқан.

Осылайша, халық суретке түсіп жарысып жатса, жергілікті полиция «танымал» гүл шоғы қашан солар екен деп күтіп жүр. Өйткені, дәл осы гүлдің салдарынан қалада кептеліс туындап, тәртіп сақшыларының жұмысына кедергі келтіріп отыр.