«Күйдіргі таратқан күдікті ет қайдан келді?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Шілденің 23-і. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат агенттігі республикалық басылымдарда шілденің 23-і, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Күйдіргі таратқан күдікті ет қайдан келді?» - республикалық басылымдарға шолу

***

Еліміздің батыс өңірінде жұмыс бабымен сапарлап жүрген Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов кеше Батыс Қазақстан облысында болып, аймақтағы тауар өндірушілермен кездесіп, екінші жыл қатарынан орын алып отырған құрғақшылық зардаптарын жеңілдетуге байланысты мәселелерді талқылады. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Ақжайықта алынған асулар» деген тақырыппен көлемді мақала басылды. Мақалада «биылғы құрғақшылық тек Ақжайық өңірін ғана емес, республиканың бірқатар өзге де аймақтарын қамтып отыр. Сондықтан да осы жерде жұмыс тобын құру жөніндегі өкімге қол қойып отырмын. Осы құжатқа сәйкес тек сіздердің облыстарыңыз үшін ғана емес, сонымен бірге тұтастай республика бойынша күрделі жағдайға байланысты тиісті ұсыныстар әзірленетін болады. Тағы бір айтарым, қуаңшылық болғанымен елдің қай өңірінде де нан бағасы өспейді. Сондай-ақ Орал өңіріндегі босап қалған элеваторлар мен астық қабылдау пункттеріне мемлекеттік қор есебінен 150 тонна дән және қажетті көлемде жем-азық жөнелтіледі», деген Премьер-Министрдің сөзі келтірілген. Жарияланымның толық нұсқасын оқығыңыз келсе басылымның жұма күнгі санына назар аударыңыз. Сондай-ақ Үкімет басшысының бұл сапарын «Казахстанская правда» газетінен де егжей-тегжейлі оқи аласыздар.

«ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев кеше Ұйымның Венадағы Тұрақты кеңесінің Қырғызстанға Полицейлік Консультативтік Топты жолдау туралы қабылдаған шешімін жоғары бағалады», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. «Қазақстан басынан бастап, ұйымның мандатына сәйкес, ЕҚЫҰ-ның Қырғызстандағы жағдайды реттеуге барынша тиімді қатысуын қолдағаны белгілі. Осы орайда біз әуел бастан Қырғызстанның Полицейлік Консультативтік Топты жолдау туралы өтінішін қолдаған болатынбыз. Мен ЕҚЫҰ-ның барлық 56 мүше-мемлекеті көрегендік танытып, Қырғызстанға полицейлік консультанттар жіберу жөнінде келісімге келгендеріне және біздің Венадағы өкілетті өкілдеріміздің шешімімен рәсімделгенін шын ниетіммен қолдаймын. Полицейлік Консультативтік Топтың жақында қантөгіс қақтығыстардың аренасына айналған аймақтарда болуы елдегі сенімнің артуына, тұрақтылықтың нығаюына және тәртіптің орнауына өз ықпалын тигізеді. Алматыда өткен ЕҚЫҰ министрлерінің бейресми кездесуінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Қазақстан алдағы уақытта да туыстас Қырғыз еліне ЕҚЫҰ төрағасы ретінде де, екіжақты форматта да өз қолдауын көрсете бермек», деп атап көрсеткен Қ.Саудабаев.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Ішкі істер министрлігінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау комитетінің бұрынғы төрағасы Асқар Исағалиев ҚР Бас прокуратурасы мен ІІМ Интерпол Ұлттық орталық бюросы қызметкерлерінің қатысуымен елімізге жеткізіліп, Астана қаласының уақытша ұстау абақтысына қамалған. Қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін іздеуде жүрген А.Исағалив осы жылдың қаңтарында Түркияның Анталья қаласында ұсталған болатын. Бас прокуратура Түркияның құқық қорғау органдары тарапына Исағалиевті Қазақстанға экстрадициялау туралы қолдаухат жолдаған еді. Осы қолдаухатты қарау нәтижесінде Түркияның Министрлер кеңесі оны Қазақстанға беру туралы шешім қабылдаған. Сондай-ақ кеше елордада өткен ҚР Бас прокуратурасының баспасөз мәслихаты барысында ведомствоның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков өңірлердегі су жабдықтау объектілері құрылысын салу жөніндегі конкурстар барысындағы бірқатар былық-шылықты жіпке тізіп шыққан.

***
«Алаш айнасы» газетінің дәстүрлі «Ой-көкпар» айдарының бүгінгі сауалы - «Қазақстан азаматтығын алуға тілек білдірген көп қырғызға рұқсат беру керек пе?». Осы сұраққа жауап берген саясаттанушы, демограф-ғалым Әзімбай Ғали «шартты түрде Қазақстан азаматтығын алу ниетті қырғыздардың азаматтық алуна рұқсат беру керек деп ойлаймын. Шартты түрде дегенім - ауылы аралас, қойы қорлаас көрші қырғыз елінде 40 мыңдай, бәлкім, одан да көп «қырғыз» болып жазылып кеткен қазақ бауырларымыз баршылық. Олар қырғыз болып сіңісіп кеткенімен, жаны - қазақ, тегі - қазақ», десе, тарих ғылымының докторы, профессор Гүлнәр Меңдіқұлова «өз басым Қазақстан азаматтығын алғысы келетін қырғыз азаматтарына рұқсат беруге түбегейлі қарсымын. Не үшін олар өз елінен безіп кетуі керек? Оларға неге басқа елдің азаматтығы керек? Қазақстанның азаматтығы не үшін? Қырғызстандағы қақтығыс кезінде Өзбекстанға босып кеткен 75 мың өзбек Ош пен Жалал-Абадқа қайтып оралды», деген пайымын алға тартады. Есімі елге белгілі екі азаматтың пікірлерін толық оқығыңыз келсе, басылымның жұма күнгі нөміріне назар салыңыз.

«Күйдіргі таратқан күдікті ет қайдан келді?». «Алаш айнасы» газетінің хабарлауынша, Алматы облысында күйдіргі жұқтырған бес адам ауруханаға жатқызылған. Санэпидемиологтардың айтуынша, тұрғындар аталған дертті сойылған малдың етін бұзу кезінде жұқтырған. Қазір ауру тіркелген аумақта эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіліп, науқастармен қарым-қатынаста болған 32 тұрғын дәрігерлер бақылауына алынған.

***

«Мәскеу мен Минскінің арасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайтыны осы уақытқа дейін үйреншікті құбылыс болып келеді. Өзге шетел дипломаттарының құлағына түрпідей тиетін қиямпұрыс қалжыңдар екі ел саясаткерлері үшін астарында зілі жоқ, қалыпты құбылыс ретінде бағаланатын еді. Алайда бұл жолы екі еклді арасында шынайы салқындық пайда болған сияқты. Аталған екі мемлекеттік қарым-қатынасы дәл осындай шиеленіске жетіп көрген жоқ», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Ресей мен Беларус арасындағы көгілдір отыннан туындаған дау-дамай жайында егжей-тегжейлі оқығыңыз келсе басылымның бүгінгі санында жарияланған «Бәліштен басталған бәдік айтыс» деген мақаланы оқыңыз.

***

«Панорама» газетінің жазуынша, Қазақстан астық бітік шықпаса да өзінің экспорттық әлеуетін сақтай отырып, ішкі нарықты толығымен қамтамасыз ете алады. Бүкіл әлем ауыл шаруашылығы таураларын өндірушілері үшін қолайсыз болып отырған ауа райы ірі әлемдік астық экспорттаушылардың өз жоспарларын түзетуге итермелеп отыр. Мәселен, Ресей ауыл шаруашылығы министрлігі ағымдағы астық түсімінің болжамын 97 миллион тоннадан 85 миллион тоннаға төмендетіп отыр. Сонымен қатар сарапшылар экспорт көлемінің де төмендейтінін күтуде.

***

«Қарағанды шетінен жұқпалы ауруларға қарсы қолданылатын вакцина салынған жәшік табылды», деп жазады «Око» газеті. Қарағандының оңтүстік-шығыс секторының тұрғыны даладан саңырауқұлақ іздеп жүріп ерекше олжаға тап болды. Жол жиегінде шашылып жатқан 10 картон жәшікке кезіккен ол, оны ашып қарағанда сібір жарасына, шошқа пастерелезіне қарсы қолданылатын вакцина деген жазуы бар ампулаларды көреді. Азіргі уақытта осы іске байланысты облыстық прокуратура тергеу жұмыстарын жүргізуде.