«Күйдіргінің» адамдарға жұғуына ауру малдың арнайы қасапқаналарда бауыздалмауы алып келді - АШМ

АСТАНА. Таусымның 24-і. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Павлодар облысында адамдардың «күйдіргіні» жұқтыру фактісіне қатысты түсініктеме жасады.

«Күйдіргінің» адамдарға жұғуына ауру малдың арнайы қасапқаналарда бауыздалмауы алып келді - АШМ

Еске сала кетейік, аталмыш жағдай 2010 жылғы маусымның 14-і күні Ақсу ауданына қарасты Жолқұдық ауылдық округінде орын алды.

«Облыстың бас ветеринарлық инспекторы мен жергілікті атқару органдары мал ауруының адамдарға жұғуының негізгі себебі ретінде «малдың дер кезінде егілмеуі» деп жасаған асығыс мәлімдемелері, жан-жақты жүргізілген талдау нәтижесінде расталмады», делінген АШМ-ның баспасөз хабарламасында.

Сонымен қатар министрліктен атап көрсеткендей, біріншіден, атқарылған жұмыс актісіне сәйкес сібір жарасына қарсы 2009 жылы кезең-кезеңмен наурыздың 28-і күні, мамырдың 5-і және маусымның 6-ы күндері осы ауылдық округтегі барлық мал егілген. Сібір жарасы вакцинасын қолдану нұсқаулығына сәйкес, вакцина егілген малда иммундық фон 18 айға дейін сақталады. Сол себепті аталған ауылдық округте мал жаппай ауырмай, бір бас малдың ауруы шартты жағдай ретінде, әр мал басының жеке дара ерекшелігіне немесе вакцина егу кезінде жіберген кемшіліктерге байланысты кездеседі.

Екіншіден, жергілікті атқару органдарының міндетіне жататын жекешелендіру (идентификациялау) шарасының жоқтығынан ауырған малдың былтырғы наурызда егілген-егілмегенін анықтау мүмкін болмай отыр.

Үшіншіден, сатуға арналған малдың жеке аулада сойылуына жол берілген. «Ветеринария туралы» Заңға сәйкес мал сою ветеринардың қадағалаумен арнайы қасапқаналарда немесе мал сою алаңдарында жүргізілуі тиіс. 2010 жылғы наурыздың 2-сіндегі № 161 Үкімет қаулысына сәйкес, жергілікті атқару органдары қасапқаналарды 2010 жылғы маусымның 1-іне дейін салып бітіруі тиіс болатын. Ал Павлодар облысының әкімдігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы 2010 жылғы каңтардың 21-індегі келісімге сәйкес осы ауылдық округте бір қасапқана салып, оны іске қосу жоспарланған. Алайда бұл шара орындалмай қалып отыр.

«Осы себепті ауру мал жеке аулада малдәрігердің қадағалануынсыз сойылып, адамдарға ауру жұғуына әкеліп соқтырды», делінген баспаөз мәтінінде.