Күйеуі өртемек болған әйел балаларын қайтара алмай жүр
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Екі жасар ұлының көз алдында өз әйелі Ақерке Байғазиеваны өртеген ер адам балаларын жұбайына бермей жүр.
Еске салайық, кеше Алматы қалалық соты мамандандырылған ауданаралық сотының шешімін бұзып, балаларды анасымен қалдыруға үкім шығарған еді.
ҚазАқпарат тілшісіне Ақерке Байғазиеваның айтуынша, апелляциялық сот отырысы кеше 4 қазан күні болды.
«Біз балаларға анасынан артық ешкім қарай алмайтындығын жазып, апелляциялық арыз-шағым бердік. Судьялар болған оқиға туралы сұрақтар қойды, қамқорлық органдары да балаларды анасына беру керек деген пікір айтты. Бақытымызға орай, сот балаларды бөліп, үлкен балаларды әкесіне беру керектігі туралы мамандандырылған ауданаралық соттың шешімін бұзды. Сот балаларды анасымен, яғни менімен тұрсын деп үкім шығарды. Мен балалардың әкесімен араласуына қарсы болмаймын, тек менімен тұрса болды», - деді А.Байғазиева.
Алайда, Ақеркенің айтуынша, жұбайы балаларды қайтарғысы келмейді.
Бұған дейін хабарланғандай, оқиға 2015 жылы 24 желтоқсанда болды. Ер адам екі жасар ұлының көзінше әйеліне бензин құйып, оны өртеп жіберген. Ақерке 1, 2 және 3-дәрежелі күйік жарақаттарын алды. Факті бойынша әйел полицияға арыз жазды, бірақ қылмыс құрамының болмауынан іс тоқтатылды. Жақында іс қайта қозғалды. Алматыдағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты екі баланы әкесімен қалдыру туралы шешім қабылдады. Анасымен кіші - төрт жасар ұл қалды.