Күйеуі үстіне бензин құйып, өртеп жіберген әйелдің беті бері қарады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада денесінің 75 пайызын күйік шалып, ауруханаға түскен әйел есін жиды. Ол қазір өздігінен демалып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Күйеуі үстіне бензин құйып, өртеп жіберген әйелдің беті бері қарады

«2019 жылдың 6 қазанында Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтына шұғыл жеткізілген, денесінің 75 пайызын күйік шалған зардап шегушінің жағдайы тұрақты ауыр күйде. Жақсару динамикасы байқалады. Науқас есін біледі. Өздігінен демалып жатыр. Бүйрек жеткіліксіздігі сақталуда», - деп хабарлады Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының баспасөз қызметі.

Еске сала кетсек, осыдан бір ай бұрын елордалық азамат отбасылық жанжал кезінде әйелінің үстіне бензин құйып, өртеп жіберген еді.

«6 қазан күні сағат шамамен 11.40-та полицияға автобус аялдамасында денесін күйік шалған әйелдің отырғаны туралы ақпарат түсті. Әйел тез арада ауруханаға жатқызылды. Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері күдікті ретінде оның 43 жастағы күйеуін ұстады», - деп хабарлады Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті.

Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты дәрігерлері әйелдің аман қалуы екіталай екенін хабарлаған еді.