Күйеуінің көңілдесін пышақтап өлтірген: Астанада сот үкім шығарды
Астана сотынан мәлім еткендей, психикалық күйзеліс жағдайында болған айыпталушы жанжал кезінде күйеуінің көңілдесіне пышақ салған.
«Жәбірленуші М. айыпталушы Р.-ның күйеуімен некеге дейін қарым-қатынаста болған және олардың ортақ бір баласы бар. Айыпталушы Р.-ның күйеуі ресми некеге тұрғаннан кейін де жәбірленуші М.-мен қарым-қатынасын үзбеген. Кейін жәбірленуші М. кезекті рет айыпталушының үйінің ауласына келген уақытта, ол жұбайымен бірге сыртқа шығып, оның арты жанжалға ұласқан. Сол сәтте айыпталушы Р. жәбірленуші М.-ның тарапынан жиі жасалған қорқыту, қорлау салдарынан туындаған күйзеліс (аффект) жағдайында оған пышақ сұққан. Салдарынан жәбірленуші ауруханада көз жұмды», - делінген хабарламада.
Тараптар татуласу туралы медиативті келісімге келген. Оған сәйкес, зардап шеккен тарап моральдық және материалдық шығынды өтеу бойынша шағым білдірмейді.
Сотта айыпталушы өз кінәсін толық мойындаған. Сондай-ақ куәгерлердің айғағы, оқиға орнынан түсірілген бейнежазба, сараптамалар дәлел ретінде тіркелді.
Сот кінәні жеңілдететін мән-жай ретінде келіншектің бір жасар баласының болуын және кінәсін толық мойындағанын ескерді.
Нәтижесінде сот айыпталушы Р.-ға пробациялық бақылау тағайындай отырып, 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу үкімін шығарды. Шешім заңды күшіне енген жоқ.