Күзде 900-ге жуық қызылордалық әскерге аттанады
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM –Биылғы күзгі мерзімді әскери шақыру науқаны барысында Қызылорда облысынан 900-ге жуық азамат мерзімді әскери қызметке жіберіледі.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент мәлімдегендей, әскери қызметке шақырылғандар Қазақстан Республикасының Қарулы күштерімен қатар Ұлттық ұлан, ҰҚК Шекара қызметі және ҚР Мемлекеттік күзеті сияқты құрылымдарға бөлінеді.
- Шекара қызметіне 120-ға жуық, Ұлттық ұланға 280-ге жуық, Мемлекеттік күзет қызметіне 14, Қарулы күштерге 400-ге жуық, Төтенше жағдайлар департаментіне 25 шақты азамат жолданады. Азаматтарды әскери бөлімдерге бөлу олардың денсаулық жағдайына, моральдық-психологиялық және дене дайындығына, білімі мен әскери-есептік мамандығына сәйкес жүргізіледі, - делінген хабарламада.
Өткен жылы өңірден мерзімді әскери қызметке 1506 азамат жөнелтілді.
Еске салайық, 2026 жылғы күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Ақмола облысынан мыңға жуық азамат мерзімді әскери қызметке жіберіледі.