Күзде әскерге шақырылған жас сарбаздар ертең Әскери ант қабылдайды
АСТАНА. 30 қараша. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 1 желтоқсанында Қазақстанда бірінші рет Тұңғыш Президент күні аталып өткелі отыр. Бұл күні Еліміздің Тұнғыш Президенті - Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне орай барлық әскери гарнизондарда биыл күзде әскерге шақырылған жас сарбаздар Әскери ант қабылдайды.
ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, «Күз-2012» әскерге шақыру науқаны жалғасып келеді. Әскери борыш пен Антқа адалдық - Қарулы Күштердің тамаша дәстүрі. Бұл күнге әскерге алынған бозбалалар тыңғылықты әзірленді. Сарбаздар жас жауынгерлер курсынан өтіп, Қазақстан Қарулы Күштерінің тарихымен, әскери істің негіздерімен танысып, сап дайындығымен айналысты.
Жас жауынгер салтанатты түрде ант қабылдаған сәттен бастап толыққанды Отан қорғаушысы атанады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы алдында, әріптестерінің ортасында қолына қару ұстап ант қабылдаған олардың бойында патриотизмнің рухы оянып, Отанға деген сүйіспеншілік сезімі қалыптаса түсетіні анық.
Барлығы 5 мыңнан астам, жаңа шақырылған сарбаздарға Тұңғыш Президент күні Әскери ант қабылдауға ерекше мүмкіндік туып тұр. Бүкіл өңірлік қолбасшылықтар, сондай-ақ, әскер түрлері мен тектері, бөлімшелері мен жасақтары Әскери ант қабылдау салтанатына дайын.
Елордамыз Астанада, Акмол ауылында, Әуе Қорғаныс Күштерінің әскери бөлімдерінде мерейтойға қарсы қонақтарды күту жұмыстары тыңғылықты жүргізілді. Сондай-ақ, десанттық-шабуылдаушылар бригадасы базасында салтанатты сапта тұру рәсімі өтеді. Қарулы Күштер қызметшілеріне мерекелік бұйрық оқылып, әскери қызметте ерекше көзге түскен жауынгерлерге сыйақы беріледі. Мерейтой ҚР ҚМ Орталық ансамблінің концертімен аяқталады.
Қарағандыда, Әуе Қорғаныс Күштерінің авиациялық базасында Тұңғыш Президент күніне орай салтанатты митинг өтеді. Салтанатты шараға жергілікті әкімдік пен «Нұр Отан» ХДП өкілдері, Ұлы Отан соғысының, Қарулы Күштердің ардагерлері және жауынгерлердің ата-аналары мен достары қатысады. Сонымен қатар, әуе база қонақтарына Авиация техникасының көрсетілімі болады.
Алматыда Әскери ант қабылдау рәсімі Тұңғыш Президент саябағында өтеді. Әскери антты Аэроұтқыр әскерлерінен 170 десантшы және Қапшағай гарнизоны әскери бөлімінің сарбаздары қабылдамақ.
Ақтауда («Батыс» өңірлік қолбасшылығы) 500 жас жауынгер Әскери ант қабылдайды.
Семейде («Шығыс» өңірлік қолбасшылығы) жүзден астам әскери қызметші қаланың Орталық алаңында Отанға адал болуға ант береді.
Барлық іс-шаралар жергілікті уақыт бойынша сағат 10.00-де басталады.