Күзде қандай вирустар тарайды және олардан қалай сақтануға болады
АСТАНА. KAZINFORM – Күздің келуімен жөтел, дене қызуы, тамақ ауруы және әлсіздік сияқты белгілерге шағымданатындар көбейеді. Мұндай жағдайда жұрттың бір бөлігі оны тұмау деп қабылдаса, енді бірі COVID-19 қайта күшейді ме деп алаңдайды. Алайда мамандар респираторлық инфекциялардың белгілері ұқсас болғандықтан, ауруды тек симптомдарына қарап ажырату қиын екенін айтады. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Инфекциялық аурулардың профилактикасы департаментінің директоры Мейірім Сұлтанова Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында айтты.
Маманның айтуынша, Қазақстанда тұмау, ЖРВИ және COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдай апта сайын бақылау жүргізіледі.
– Бүгінгі күні республикада тұмау ауруы тіркелмеген. Бірақ риновирустық, метапневмовирустық, аденовирустық және басқа да инфекциялар айналымда бар. Бұдан бөлек, COVID-19 инфекциясы да ешқайда кеткен жоқ. Оған да апта сайын мониторинг жүргізіледі. тұмау мен ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық маусым әдетте қазан айында басталады. Ал қыркүйек айында оған дайындық және профилактикалық шаралар күшейтіледі, – деді Мейірім Сұлтанова.
Мейірім Сұлтанова аурудың ұзаққа созылуына адамның дұрыс ем қабылдамауы себеп болуы мүмкін екенін айтты.
– Науқаста созылмалы аурулар болуы мүмкін. Белгілер пайда болған кезде тиісті ем қабылдамай, вирусқа әсер етпейтін басқа дәрілерді қолданса, аурудың өршуіне, одан әрі таралуына және ұзаққа созылуына әсер етеді. Сондықтан кей жағдайда ауру 2-3 аптаға дейін созылып кетеді, – деді ол.
Инфекциялық аурулардың алдын алу үшін маман ең алдымен бөлмені жиі желдетуге, ауру белгілері байқалған жағдайда басқа адамдармен байланысты шектеуге және уақытылы дәрігерге қаралуға кеңес берді.
– Алғашқы сақтық шараларының бірі – бөлмені желдету. Аурудың белгілері пайда болған кезде басқа адамдармен қатынаспау керек. Әсіресе үйде балалар болса, инфекцияны оларға таратпау үшін байланысты азайтқан жөн. Уақытылы дәрігерге қаралып, профилактикалық шараларды ұстану қажет, – деді Мейірім Сұлтанова.
Ол антибиотиктерді өз бетінше қабылдамау керектігін де ескертті.
– Антибиотиктерді дәрігердің рецептімен ғана қабылдау керек. Егер адам вирустық инфекциямен немесе COVID-19-мен ауырса, антибиотик оған әсер етпейді. Керісінше, оны орынсыз қабылдау аурудың созылуына ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар антибиотикті көп әрі негізсіз қолдану төзімділіктің пайда болуына әкеледі. Кейін ауыр жағдайда бұл дәрілер әсер етпеуі мүмкін, – деді маман.
Алдағы тұмау маусымына байланысты қыркүйек-қазан айларында вакцинация жүргізіледі. Мейірім Сұлтанованың айтуынша, тұмауға қарсы екпе арнайы тәртіпке сәйкес барлық өңірде емханаларда тегін салынады.
Тұмауға қарсы вакцинация медицина қызметкерлеріне, созылмалы аурулары бар балаларға, жабық мекемелерде тұратын адамдарға және эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша вакцина алуға тиіс азаматтарға тегін жүргізіледі.
Маман халыққа маусымға сай киінуді, тазалық шараларын сақтауды, қоғамдық орындарда профилактика талаптарын ұстануды және тұмауға қарсы вакцина алуды ұсынды.
Айта кетейік, бұған дейін, вирустық гепатиттен қалай қорғануға болатынын жазған едік.