Күзде кемінде 13 млн тонна астық аламыз – министрдің болжамы

Айдарбек Сапаров
Фото: gov.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров биылғы егіс маусымында қанша өнім алуды жоспарланғанын айтты.

«Табиғат, климаттық жағдайлар әзірше қалыпты нормадан алшақ емес. Ылғал бар, біздің міндет соны дер кезінде жауып, тұқым сеуіп үлгеру болып тұр. Маусымның басқа мерзімдері де осыған байланысты. Тұқымның бәрін уағынде сеуіп үлгерсек, өнімділік соған сәйкес болады. Егін шығымын кемінде 13-14 млн тонна деп болжап отырмыз», - деді ол Үкміет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына берген жауабында.

Бүгінгі Үкімет отырысында Айдарбек Сапаров биыл елде қант қызылшасынцң алқабы кеңейетінін айтқан еді.

«Облыстар әкімдіктерінің жедел деректері бойынша майлы дақылдар алаңын 385,7 мың гектарға ұлғайту жоспарланған. Бұл жалпы егіс алаңын 3,2 млн гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Оның ішінде күнбағыс сияқты әлеуметтік маңызы бар дақыл алаңын 60 мың гектарға ұлғайту және оларды 1,2 млн гектарға дейін жеткізу күтіледі. Бұдан басқа, қант қызылшасы сияқты әлеуметтік маңызы бар дақыл алаңын 12 мың гектарға ұлғайту көзделген. Биыл қант қызылшасының ауданы 25 мың гектарды құрайды. Сонымен қатар өңірлерде берік азықтық базаны құру бойынша жұмыстар жүргізілуде, бұл үшін ағымдағы жылы азықтық дақылдар алаңын 68,3 мың гектарға ұлғайтып, оларды 3,2 млн га дейін жеткізу жоспарланған», - деді Айдарбек Сапаров.

Соңғы жаңалықтар