Күзде «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша ауылдағы нысандарды жөндеу жұмыстары аяқталады

АСТАНА. 17 тамыз. ҚазАқпарат - «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша ауылдағы инфрақұрылым және әлеуметтік нысандарды жөндеудің үстіміздегі жылға жоспарланған  жұмыстары күзде аяқталады, деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры  Дәулет Арғандықов pm.kz сайтына берген сұхбатында.

Күзде «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша ауылдағы нысандарды жөндеу жұмыстары аяқталады

«Жұмыспен қамту бағдарламасының төртінші «Ауылдық елді мекендерді дамыту» бағыты бойынша үстіміздегі жылы 565 жоба қарастырылған, олардың жартысы аяқталып та қойды. Күзде барлық жобалар толығымен жүзеге асады деп жоспарлап отырмыз», - деді Д.Арғандықов.

Бұл бағыт ауылдық елді мекендерде инфрақұрылымдар мен әлеуметтік нысандарды жөндеуді жүзеге асыру арқылы халықты жұмыспен қамтуға бағытталған.

«Біріншіден, жұмыссыздарда жұмысқа орналасу арқылы өз табысын арттыру мүмкіндігі пайда болады. Екіншіден, бұл ауылдық жерлердегі жүйелі мәселелерді шешудің жолы, үшіншіден, бұл кәсіпкерлер үшін экономикалық пайда. Төртіншіден, бұл әрине, ауыл халқының денсаулық жағдайын жақсарту, себебі ауылдық дәрігерлік амбулаторияларды салу мен жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген», - дейді департамент директоры.

Төртінші бағыт бойынша жүзеге асырылатын жобалар ауылдағы инженерлік-кәріздік және әлеуметтік инфрақұрылым  нысандарын салу мен жөндеу жұмыстарын қамтиды. Еңбек министрлігінің ақпарына қарағанда, ауылдық жерлердегі жобалар бойынша құрылған 4,8 мыңдай жұмыс орнына орналасқан 4 771 адамның  2 420-сы «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасының қатысушылары.