Күзембаевтар отбасылық ансамблі: Дәстүрлі өнерді ұлықтаушыларға көңіл бөлінсе екен
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Маңғыстаулық ерлі-зайыпты Самбай Иламанов пен Салима Базарбаева - өнер адамдары. Олардың өнері аталған өңір халқына кеңінен танымал. Бүгінде кейіпкерлеріміз отбасылық ансамбль құрып, ұлттық өнердің дамуына бір кісідей үлес қосып жүр. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі Күзембаевтар жанұялық ансамблінің мүшесі Салима Базарбаеваны әңгімеге тартты.
«Жолдасым екеуміз - Маңғыстау облысының тумасымыз. Жолдасымның аты-жөні Самбай Иламанов. Қазір Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында тұрамыз. 4 баламыз бар. Біздің жанұялық ансамбль 1986 жылы құрылған. Негізін атамыз қалаған және ол Иламановтар жанұялық ансамблі деп аталды. Міне, сол отбасылық дәстүрді әлі күнге дейін жалғастырып келеміз. Жолдасым екеуміздің ән айтып, сахнаға шыға бастауымыз 2000 жылдардың басымен тұспа-тұс келеді. Ол кезде жолдасым ішкі істер органында қызмет етті, содан Наурыз, басқа да мереке кезінде концерттерге қатысып, халық алдына шыға бастадық. Уақыт өте келе ауылдық, аудандық, облыстық, одан қалды республикалық түрлі мәдени іс-шараларға қатыстық. Жетістіктеріміз де баршылық. 2003 жылы ІІМ ұйымдастыруымен өткен байқауға қатысып, бас жүлдеге ие болдық, 2007 жылы «Үздік жұбайлар» деген облыстық байқаудың жеңімпазы атандық, сол сияқты 2015 жылы «Мерейлі отбасы» республикалық байқауына қатысып, 2 орынды иелендік», - деді Күзембаевтар жанұялық ансамблінің мүшесі Салима Базарбаева.
Бүгінде Иламановтар ансамблінің атауы Күзембаевтар жанұялық ансамблі деп өзгерген.
«Иламановтар ансамблі халық ризашылығы мен атағына ие болған соң, біз Күзембаевтар деген жанұялық ансамбль құрдық. Оның үстіне бұған дейін Бейнеу ауданында тұрдық, кейін Түпқараған ауданына көшкен соң жаңа атаумен бастауды жөн көрдік. Біздің ансамбльдің құрамында 7 адам бар. Бәріміз де түрлі музыкалық аспапта ойнап, ән айтамыз. Яғни, домбыра, баян, фортепиано,Yamaha және тағы басқа аспаптар. Аудандық әкімдік пен мәдениет басқармасы қолдау көрсетіп жатады. Отбасылық өнер ұжымы болғандықтан концерттерге үйде жүріп те дайындала береміз», - дейді ол.
Сондай-ақ, маңғыстаулық жерлесіміз мемлекет тарапынан дәстүрлі өнерге назар аударылып, қолдау көрсетілсе деген пікірін алға тартты.

«Мен Ақшұқыр ауылдық мәдениет үйінің директорымын. Біздегі бұрын бекітілген жұмыстың штаттық кестесі әлі күнге дейін өзгерген емес. Яғни, штатта орын аз, дәстүрлі әнші, дәстүрлі термеші, жыршыларға тұрақты жұмыс орны қарастырылмаған. Осы орайда дәстүрлі өнерді ұлықтаушыларға көңіл бөлінсе екен дейміз. Жүрген жерімде осы ұсынысты үнемі айтып та жүремін. Өйткені дәстүрлі әнші, жыршы, термешілер халықтың сұранысына ие, оларды қолдау қажет», - дейді өнерпаз.







