Күзетпен ұстау мерзімін ұзарту алдын ала шешілуге тиіс — Конституциялық Сот
АСТАНА. KAZINFORM — Конституциялық Сот адамның жеке бас бостандығын қорғау мақсатында күзетпен ұстау мерзімдеріне қатысты маңызды қаулы қабылдады. Бұл туралы Бас прокуратура мәлім етті.
— 2026 жылғы 10 маусымда Конституциялық Сот адамның жеке бас бостандығына қатысты келесі маңызды қағидатты растады: ешкім заңда және сот шешімінде белгіленген мерзімнен артық күзетпен ұсталмауға тиіс, — делінген хабарламада.
Конституциялық іс жүргізуге сот талқылауы барысында күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануға байланысты мәселелерге назар аударған азаматтардың өтініштері негіз болды.
Конституциялық Сот адам заң мен сот шешімі негізінде ғана күзетпен ұсталуы мүмкін екенін еске салды. Бұл — конституциялық кепілдіктердің ең негізгілерінің бірі.
— Істі қарау барысында Конституциялық Сот Қылмыстық-процестік кодекстің 342-бабында адамның күзетпен ұстау мерзімін ұзарту мәселесі бұрын белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін шешілуі мүмкін деген түсінік қалыптастыруға жол беретін құқықтық олқылық бар екенін анықтады, — делінген прокураның хабарламасында.
Іс жүзінде бұл адамның алдыңғы сот шешімімен белгіленген мерзім аяқталғанына қарамастан күзетте қалу қаупін туындататын.
Конституциялық Сот сот шешімінсіз адамды тіпті қысқа мерзімге болса да күзетте ұстауға жол берілмейтінін және мұндай жағдай Конституция талаптарына қайшы келетінін атап өтті.
Осыған байланысты Сот аталған норманың «осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін» деген сөздерін Конституцияға сәйкес келмейді деп таныды және күзетте ұстау мерзімін ұзарту мәселесі қолданыстағы мерзім аяқталғанға дейін алдын ала шешілуге тиіс екенін көрсетті.
Сонымен қатар Конституциялық Сот тағы бір маңызды мәселеге назар аударды. Ауыр қылмыстар туралы істер бойынша заңда сот талқылауы кезеңінде сотталушыны қамауда ұстаудың шекті мерзімі белгіленген. Ол — он екі ай.
Сот бұл ең ұзақ мерзім аяқталғаннан кейін адамды сол қылмыстық іс бойынша қайтадан күзетке алуға болмайтынын түсіндірді.
Басқаша айтқанда, заңда белгіленген ең жоғары мерзім түпкілікті болып табылады.
Қаулының негізгі мәні — адамның жеке басының бостандығына құқығы заңмен сенімді қорғалуға тиіс. Мемлекеттік органдар мен соттар адамның бас бостандығын шектеу мерзімдерін бұлжытпай сақтауға міндетті.